Құқық қорғау органдары

Кәсіпкерді өлтірген қылмыскер жарты жылдан кейін қолға түсті

 

 

Александр Филипов үстіміздегі жылы 16-шы мамырдың таңында жұмысына кетіп, содан қайтып оралмаған. Дереу іздестіру шараларында кәсіпкердің ғайып болар алдында көлігі мен пәтерін кепілге беріп, банктен ірі көлемде несие алғаны анықталды. Хабар- ошарсыз жоғалып кеткен азамат жайында мәлімет еліміз бен Ресейдің көршілес облыстарына таратылды. Түрлі болжамдар тексерілді, нәтиже болмады. Кейін қалталы азаматтың ажалы оның ақшасына көз тіккен біреуден келуі мүмкін деген күдік расталады. Жәбірленушінің көлігі табылып, қылмысқа қатысы бар деген екі сезіктінің біреуі ұсталды. Ол тағылған айыпты бірден мойындады. Ал сыбайласы шекара асып, Ресейге қашқан. Кәсіпкердің  жүргізушісі болған қашқынның соңына түскен полицейлер оның ізін көрші елде жоғалтып алған.

  Саян Мырзабаев,  СҚО ІІД КПБ аға жедел уәкілі:

-Күдікті Белокобыльский кейін араға алты ай салып, Қазақстанға қайта оралды. Жолшыбай жаяулап, көліктерді тоқтатып отырып, шекарадан заңсыз өткен. Петропавлдың шет ауданында пәтер жалдап тұрып жатыр деген ақпарат келіп түсісімен, біз оны тұрып жатқан мекен жайында ұстадық.

 Қазір айыпталушы тергеу абақтысына жабылып, жауап беруде.  Қылмыскерлер қанды әрекеттерін жасыру мақсатында кәсіпкердің мүрдесін алдын ала қазып дайындаған ормандағы орға апарып көмген. Тергеу амалдарының барысында жәбірленушінің мәйіті, автокөлігі және қылмыс қаруы табылған. Ұсталғандардың кінәләрі толықтай дәлелденсе, 10 жылдан 20 жылға дейін бас бостандықтарынан айрылулары мүмкін.

 Жеңіс Ермұқанов