ТКШ

Кәрі құданың әлегі

 

 

 

 

 

 Қылышын сүйретіп келген қыс алғашқы күндерден -ақ қаһарына мінді. Бет қаратпас ызғарлы аяз дауылға ұласып, қар төпеп жауды. Сөйтіп, 6 күннің ішінде бір айлық мөлшерде  ылғал  түсті. Коммуналдық кәсіпорындар   екі ауысымда кезекшілік құрып, тәулік бойы қаланы қардан тазартуда.

 Сейілжан Тастеміров, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөліміндегі сектор меңгерушісі:
– Түнгі уақытта көшелерді тазалайтын болсақ, күндізгі уақытта қаланың сыртына шығарамыз. Осы жұмыстармен бізде 7 кәсіпорын айналысады. Бөлінген маршруттары бар. Сол бойынша жұмыстар атқарылып жатыр.

Облыс орталығының көшелерін аршу үшін коммуналдық қызметтердің құрамындағы барлық адам күші мен 43 дана арнайы техника тартылған. Соңғы үш күннің өзінде қала сыртына 7 мың текше метр қар шығарылған. Осылайша көлік нысандары қатынайтын тас жолдар табиғи кедергіден уақытында арылып тұрғанымен жаяу жүргіншілерге арналған жол жиектеріндегі қардың қалыңдығынан аяқ алып жүруге мүмкіндік жоқ.

 Тұрғындар:

-Техника аз ба білмеймін, әйтеуір тазалау аз.  Тротуарларда таңертең жүруге болмайды. Парктің іші биыл тазаланбай қойды. Соның барлығын енді түзеу керек.
– Жүру қиын, тайғанақ, қар өте көп, тазалау керек .

Қарды жарып жол салып жүрген коммуналдық қызметтер бұл мәселені бірер күннің ішінде шешетіндіктерін айтады. Тұрғындарға қиындық туғызып отырған тағы бір мәселе  –  көктайғақ.

Сейілжан Тастеміров, Петропавл қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылығы, автомобиль жолдары және жолаушылар тасымалы бөліміндегі сектор меңгерушісі:  

– Көктайғақ болған жағдайда біздің коммуналдық шаруашылық мекемелері көктайғаққа қарсы материалдармен толық қамтылған.

Алайда көктайғаққа қарсы тұз бен құм қоспасын себу жұмыстары әлі жүргізіліп жатқан жоқ. Қардың асты мұз. Аяғы тайып құлап, жапа шеккендердің саны артуда.

 Ирина Василева:
– Тротуарлар тазаланбайды, көктайғақ, не шалынып, не тайып кету ғажап емес. Арғы күні үйіме барар жолда тайып құлап, сол қолымды бірнеше жерден сындырып алдым. Дәрігерлер тездетіп ота жасау керек деді.

 Соңғы күндері үшінші қалалық ауруханаға бұндай ауыр жарақатпен 7 адам түсіпті.

 Михаил Харламенко,  3 қалалық аурухананың жарақат бөлімшесінің меңгерушісі:
 – Көп адамдар көктайғақта сүрініп, болмашы зақым алады. Біз оларға қажетті көмек жасап, үйлеріне жібереміз. Ал мұндағылар қолын, не аяғын сындырып, ұзақ емдеуді қажет ететін науқастар.
Бүгінде 80 орындық жарақат бөлімінде мүлдем орын жоқ. Енді күннің сууымен үсік шалғандар қаптап кетеді.

Қалың түскен қар “Петропавл жылу желілері” кәсіпорнының жұмысын да тежеуде. Күннің ызғары күнара кезекшілік жүргізілетін  насос станциялары мен элеваторлық тораптарға жетуге бөгет жасайды екен.

 Андрей Калиничев,  “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
 –  Кейбір желілерге жету үшін қызметкерлеріміз күректермен қаруланып, алдымен жол ашуы керек. Кей жағдайда ауыр техниканың көмегіне жүгінуге тура келіп отырды.

Соңғы күндері үйлердің суып кетуі де ауа райына байланысты дейді энергетиктер.

Андрей Калиничев,  “Петропавл жылу желілері” ЖШС директоры:
– Біз өз тарапымыздан жылуды қажетті мөлшерге сай жіберіп жатырмыз.
Тіпті шағымдар көбейіп кеткен соң нормадан асырып жағып жатырмыз. Жел секундына 20 метрден асып соқты. Сондықтан жылыту шараларын уақытында қолданбаған тұрғындардың баспанасы салқын болды.

Мамандардың айтуынша қыстың қамын жаз ойламаған жеке пәтер иелері кооперативтерінің салғырттығынан кейбір пәтерлердегі температура 18 градустан аспай отыр. Көбі қауырт маусымға дайындығын растайтын құжатты әлі күнге дейін алмаған.

Жеңіс Ермұқанов