Жол картасы

Еңбекпен қамту бағдарламасы орындалды

 

 

 

 

 

2008-2010 жылдарға арналған тұрғындарды еңбекпен қамту бағдарламасының нәтижесі көңілге қонарлық. Соңғы 11 ай ішінде облыс орталығында 3 980, Қызылжар ауданында – 1532 және Тайынша ауданында 1488 жаңа жұмыс орны пайда болыпты. Тұрақты еңбекке тартылған 22 438 жерлесіміздің көпшілігі құрылысшы, дәнекерлуші, аспаз мамандықтарын таңдаған.

 Татьяна Токарева, СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы еңбекпен қамту бөлімінің бастығы:
– Біздің есебімізде араларында бір де бір жұмыс істейтін адамы жоқ отбасылар  бар.
Биыл солардың қатарынан 659 адам жұмысқа тартылды. Еңбекпен қамтылғандардың әрбір үшіншісі жастар. 1 056 адам кәсіптік білім алуға бағытталса, оның 968-і, яғни 94 пайызы жұмысқа тұрды.

Жұмыссыздарды есепке тұруға насихаттау мақсатында жергілікті телеарналарға жарнамалар беріліп, басқарма сайтында үнемі жаңа мәліметтер жарияланып тұрады. Соның нәтижесінде жұмыссыз ретінде тіркелгендердің 98,2 пайызы еңбекке араласты. Сондай-ақ, мүгедектерді әлеуметтік қолдаудың 3 жылдық бағдарламасы да сәтті жүзеге асуда. Оған барлығы 2,5 млрд теңге бөлінсе, биыл 950 млн-ы игерілді.

  Надежда Зеленская,  СҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы мүгедек және ардагерлермен жұмыс бөлімінің бастығы:
 –  233,5 млн теңгеге сатып алынған жоғары сапалы 180 заманауи есту аппараты, 1700-ге жуық протезді-ортопедиялық өнім, Ресейден әкелінген 230 кресло мүгедек жандардың қажетіне жарады. 307 мүмкіндігі шектеулі жерлесіміз жұмыспен қамтылып, 42-сі кәсіптік білім алу мүмкіндігін алды.

Қазірде 3000-дай адам 4 кезеңді қайырымдылық көрсету бағдарламасының игілігін көріп отыр. 1 120 қария қоғамдық көлікте тегін жүру құқығына ие. Ендігі шешімін таппаған мәселе телеарналарда сурдоаудармалардың жоқтығы дейді мамандар. Оның өзіне шамамен 4 млн теңге қаржы қажет екен.

Кәусар Аяпбергенқызы