Әр түрлі

Қажылық сапар аяқталды



 

 Құрбан айт кезіне сәйкес келетін үлкен қажылыққа биыл елімізден 4000-ға жуық адам барып қайтты. Біздің облысымыздан аттанған мұсылмандар саны былтыр 15 болса, биыл да сонша. Қасиетті Мекке мен Медине жерін басып, парызын өтеп қайтқандардың қатарында Сағындық Бегалин бар.

  Сағындық Бегалин:
– Мен өзімді өмірде бақытты деп санаймын. Қасиетті жерлерге барып, Пайғамбардың суын ішіп, қажылып жасап қайтқан мұсылманға бақыт деп ойлаймын.

Мұндай алыс әрі маңызды сапарға аттанар алдында әр адам үлкен дайындықтан өтуі тиіс. Оның бастысы иманды түзеп, харам нәрселерден тиылу, шама келгенше құрбан шалып, зекет беру. Биыл қажылыққа аттанған 15 адам да арнайы дәрістер тыңдап, 2 апта  бойы үлкен әзірлік мектебінен өтті.

  Қасымхан Абдоллаұлы,  Қызылжар орталық мешітінің бас имамы:
Бізде діни басқармамыздың арнайы қажылық бөлімі бар. Олар көп жұмыс істеп жатыр, апаратын компаниялар бар. Сондықтан баратын адамдар топ-топқа бөлініп, басшы сайлайды. Толық мәліметтер алады. Қазір облыс орталықтарында арнайы курстар бар.

Мұсылмандықтың ең үлкен парызын өтеп, аман-есен елге оралған бақытты жандардың бірі –  Тамара Мұхамеджанова. Қасиетті мекенге алғаш рет барған ол енді кейінгі ұрпақтарына да соны нәсіп етсін дейді.

  Тамара Мұхамеджанова:

-Арафат тауына да бардық, Мәдинеде де болдық, Қағбаны да айналдым өз аяғыммен. Жан жоқ жерге жан берген, дән жоқ жерге дән берген жерде қазір миллион халық жүр. Сол Алла тағаланың күші ғой деймін.

“Қызмет саяхат” туристік фирмасы мұсылмандықтың бесінші парызын өтеген жерлестерімізге қажылыққа барып қайтқаны жөнінде арнайы куәлік табыс етті. Айта кету керек, мұндай құжат бұрын-соңды ешкімге тапсырылмаған.

Кәусар Аяпбергенқызы