Бесінші мектеп жанындағы шағын орталық елу балаға шақталған. “Балапан” бағдарламасы аясында ашылған орталықты заман талабына сай жабдықтауға жергілікті бюджеттен 6,5 млн. теңге бағытталыпты. Бұл жерде төрт, бес жасар бүлдіршіндердің жақсы тәрбие алуларына барлық жағдай жасалған.
Жиналған қауымды шағын орталықтың ашылуымен Петропавл қаласының әкімі Нұржан Әшімбетов құттықтады. Ол бүгінде балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамтуға мемлекет үлкен көңіл бөліп отырғандығын атап өтті. Біздің облыста да бұл бағытта тиісті жұмыстар жүргізілуде. Нұржан Әшімбетов балғындарға сыйға теледидар тарту етті.
Шағын орталықтың ашылуына бірінші кезекте ата-аналар қуанышты. Еліміздің болашағы – балалардың жақсы тәрбие алып, нағыз азамат болып ер жетулеріне жасалып жатқан жағдайға олар дән риза.
Бұл күні оныншы мектепте де осындай шағын орталық ашылды. Мектепке дейінгі білім беру мекемесін жөнге келтіріп, жабдықтауға 9 млн. теңгеден астам қаржы жұмсалған. Бүлдіршіндерді мектепке дейінгі тәрбиемен қамту облыс орталығында қазіргі күні елу тоғыз пайызды құрайды. Үстіміздегі жылы “Балапан” бағдарламасы аясында қосымша 650 орын ашылған. Жыл соңына дейін тағы екі мектеп жанынан 100 балаға шақталған шағын орталық жұмысын бастамақ. Сонымен қатар “Петушок” балабақшасында төрт топ ашылада деп межеленіп отыр.
Айымгүл Әбілева