Әр түрлі

Адвокаттық қызметке бөлінген қаржы толық игерілмеген

 

 

Еліміздің Конституциясы бойынша әр азамат тегін адвокаттың көмегіне жүгіне алады. Бюджетте бұл мақсатқа қаржы қарастырылған. Адвокаттар өздері атқарған жұмыстары мен жұмсалған уақыт бойынша есепті сотқа тапсырады. Ал сот адвокатка төленетін қаржыны есептеп әділет министрлігіне жөнелтеді. Дөңгелек үстелге жиналғандар осы мақсатқа бөлінген қаржының игерілуі туралы мәселені талқылады. Үстіміздегі жылға тегін адвокаттық қызмет үшін 17 миллион теңге бөлінген. Әзірге 2 млн 800 мың теңге жұмсалмаған. Заңгерлер судьялардың адвокат қызметтерін арзанға бағалайтындарына өкпелі.

  Әсия Байтемірова,  № 1 заң консультациясының меңгерушісі:

– Адвокаттар соттар мен тергеуге белсенді қатысады. Ал қаржының уақытылы игерілмеуі судьяларға байланысты деп ойлаймын. Судьялар адвокаттар жұмсаған уақытты көп кемітеді. Ал нормативтерге сай есептелсе, бұндай мәселе туындамаған болар еді.

Бүгінде облыста 120 адвокат бар. Олардың барлығы бюджет есебінен қызмет көрсетеді. Адвокаттар өз жалақыларын есептеуде судьялар уақытша ұстау, тергеу орындарындағы адамдармен кездесуге кететін уақыттың дұрыс есептелмейтіндігін айтады. Мәселен, адвокаттар қорғайтын адамына кездесуді күтуге кететін бірнеше сағаттың есепке алынбайтындығына наразы. Уақытша ұстау мекемелері мен тергеу изоляторларында кездесу орындары жетпейді.

  Саида Сағдат,  СҚО әділет департаменті бастығынң орынбасары:

-Облыстық әділет департаменті бұл мәселелерді шешуге тікелей араласатын болады. Бүгінгі дөңгелек үстелде кедергілер анықталды. Біз шара қолданатын боламыз.

Дөңгелек үстелде түзету мекемелерінің басшылары қосымша кездесу орындары ашылатындығын хабарлады.

Әсем Сембина