Билік

Сенатормен кездесу

 

 

 

 Бүкіл әлем бұл күндері Астанада өтіп жатқан Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының саммитіне көз тіккен. Солтүстікқазақстандықтар да ел тарихындағы маңызды оқиғаны қалт жібермек емес. Петропавл құрылыс-экономика колледжінің ұжымы жиналып, он бір жылдық үзілістен кейін өткізіліп отырған жоғары деңгейдегі жиынның әлем елдері үшін маңыздылығын талқыға салды.

Сәуле Толыбаева, Петропавл құрылыс-экономика колледжінің оқытушысы:
Бүгінде Астанада өтіп жатқан ОБСЕ саммитінің басты мақсаты – елдер арасындағы халықаралық мәселелерді бірлік, бейбітшілік, келісім арқылы шешу. Беделді халықаралық ұйым Саммитінің Елордамызда өткізілуі Мемлекет басшысының сыртқы саясат саласындағы көптеген жылдардан бергі күш-жігерінің нақышты нәтижесі.

Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының жетінші саммитін шақыру уақыт талабынан туындады. Бүгінгі таңдағы әлемдегі жағдай стратегиялық шешімдер мен жүйелі шараларды қолға алуды қажет етеді деді кездесуде Парламент Сенатының депутаты Анатолий Башмаков. Елордадағы басқосу – жа­һандық қауіпсіздіктегі ЕҚЫҰ келешегін айқындау үшін жақсы мүмкіндік.

  Анатолий Башмаков,  ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

-Саммиттің елімізде өткізілуінің өзі үлкен жетістік. Шетел саясаткерлері мен сарапшылары Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалығы нағыз заман талаптарына жауап беретін және нақты нәтижелерге бағытталған іс екенін атап өтуде. Бұл басқосу әлем дамуының жаңа даңғыл жолға түсуіне ықпал ететіні даусыз. Алдағы уақыттың басым міндеттерін айқындайды.

Кездесу соңында халық қалаулысы оқытушылардың сұрақтарына жауап берді.

 Айымгүл Әбілева