Балалар

Желтоқсанның бірі – СПИД-ке қарсы күрес күні

 

 

 

 1-ші желтоқсан  – дүниежүзілік СПИД-пен күрес күні. Осыған орай облыс деңгейінде салауатты өмір салтын насихаттауға бағытталған байқаулар жиі ұйымдастырылуда. Солардың бірі – “Жастар салауатты өмір салтын қолдайды” акциясы.

  Ирина Колодаева, облыстық балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығы директорының орынбасары:
 –Қаламыздың барлық мектеп оқушылары мен Солтүстік Қазақстан  балаларының  “Жан достар” бірлестігінің мүшелері бұл акцияға белсене қатысты. Мақсатымыз, әрине, жастарды спортқа баулу.

Шара аясында жасөспірімдер арасында  “Азия ойындары балалар көзімен” облыстық суреттер байқауы жарияланған болатын. Оған 6 -16 жастағы   жасөспірімдер қатысты. Ересектер арасындағы сурет байқауында  І-ші  орын Наталья Хабенкоға бұйырды. “Жас Дарын” өнер мектебінің шәкірті өз еңбегін байқауға ұсыну үшін көп қиналмаса керек. Ол суретін 4 сағатта салып шыққан.

  Наталья Хабенко,  “Жас Дарын” өнер мектебінің оқушысы:

-Суреттің басты идеясы ойыма бірден келді. Туындыны гуашпен салдым. Еңбегімді қызыл мен көк түске бояған себебім олар от пен мұзды білдіреді.

Ал кішкентайлар арасындағы үміткерлерден 8 жасар Жәния Сәрсембаеваның суреті көзге түсіп, І-ші орынға лайық деп табылған. Балдырған коньки тебуді жақсы көргендіктен, мұз айдынындағы қыздың бейнесін қағаз бетіне фломастермен түсірген.

  Жәния Сәрсембаева, ЛОРД мектеп-лицейінің  оқушысы:
-Суретті салу оңай болды.
Алдымен суреттің эскизін құрдым. Кейін үлкен ақ қағазға түсірдім.

Қонақтардың назарына “Зиянды әдеттермен күрес” тақырыбындағы үздік роликтер ұсынылды. Жеткіншектер байқауда топ жарған Есіл ауданының Явленка орта мектебі мен Петропавл қалалық теміржол колледжі оқушыларының шығармаларын  тамашалады.

 Гүлден Сәрсенбаева