Билік

Ел назары – Саммитте

 



ЕҚЫҰ саммитінде еуроатлантикалық және еуразиялық кеңістіктегі саяси тұрақтылық қазақ төрағалығы үшін ғана емес, бүкіл ғалам үшін қажет деп атап көрсетілді.  Қазақ елі Еуропа төріне төрағалыққа үлкен дайындықпен келді. Еліміз төрағалықты бастаған кезде айналасындағы елдердегі тұрақтылыққа аса үлкен көңіл бөлді. Қырғызстандағы төңкерістің салдарын жойып, айыр қалпақты ағайынға бірінші болып қол ұшын берді. Сыртқы саясатта ауқымды жұмыстар тындырылды. Маңызды ұйымның Астанадағы саммитін қалалақ мәслихат депутаты Жангелді Тәжин талайдан күтіп жүр екен. Бүгін ол барлық жұмысын ысырып қойып, теледидардың алдына жайғасқан.

 Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:
– Бұған дейін Қазақстанды Советтер одағының бір бөлшегі деп келсе, қазір елімізді тәуелсіз ел ретінде жақсы таниды. Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевты байсалды саясаткер деп біледі.

Саммитті өткізу арқылы еліміз шетелдік алпауыт державаларға жаңа қырынан танылады. Бұл елімізге қосымша инвестиция тартуға да жол салмақ.

  Жангелді Тәжин, қалалық мәслихат депутаты:
– Мемлекетіміздің қауіпсіздігі нығая түсетініне сенімдіміз,экономикамыз өркендей түседі.
Өйткені Қазақстанның бейбітсүйгіш мемлекет екенін білгеннен кейін басқа да инвесторлардың ақша құятынына сенімдіміз. Сондықтан осының бәрі тек қана жиналыс емес, халқымыздың болашағы үшін жасалып жатқан үлкен оқиға деп ойлаймын. Сондықтан бәрімізге құтты болсын.

Төрағалық елімізге әлемдік қауымдастық алдында саяси салмақ пен бедел алып келетіні рас. Мұнымен қоса еліміз саммитке дайындалу арқылы бірқатар маңызды іс тындырды дейді ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары Владимир Бобров.

 Владимир Бобров, ҚР Парламенті Мәжілісі төрағасының орынбасары:
-Саммитті өткізуге дайындалу кезінде Республиканың заң жүйесі толықтай әлемдік стандарттарға сай етіліп, реттелді. Егер елімізде ОБСЕ талаптарына сай, әр азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қамтамасыз ететін заң болмаса, біз төрағалық ете алмайтын едік.

Ұлы Отан соғысының ардагері Назымбек Зікірин де тәуелсіз еліміздің тарихында болып жатқан маңызды жиында көтерілген мәселелерді толқып тыңдады. Ел басына күн туған нәубет жылдарды көзімен көрген соғыс ардагері  бірлік болса екен дейді. Саммитке қатысушы мемлекеттер басшыларының бейбітшілікті қолдап отырғаны қарияны қатты қуантты.

  Назымбек Зікірин, Ұлы Отан соғысының ардагері:
 -Тыныштық, бірлік, тірлік болсын. Соғысты көрдік. Ондай елде тіршілік болмайды, дамымайды. Сол үшін әлем тыныштықты таңдауы керек.

Әлемдік ортақ мәселелер шешілетін саммит еліміздегі тың бастамаларға жол салмақ.

Дана Ғизатова