Қоғам

Жаңа мешіт пен шіркеудің алғашқы тасы қаланды

 

 

 

Қаланың вокзал аумағында енді қасиетті Мария Магдаленаның құрметіне христиан шіркеуі бой көтермек. Құрылысқа қажет қаржының жартысынан көбін «Ресей теміржолы»  ААҚ бөлмек. Қалғанына қайырымдылықтан түскен ақша жұмсалады. Ал құрылысты жүргізуді “Оңтүстік Орал темір жолы” Петропавл  бөлімшесі өз мойындарына алмақ.  
Естелік хат оралған капсуланы шіркеу іргетасына салу рәсімін  Қостанай және Петропавл епископы Анатолий өткізді.

 Тасбай Симамбаев, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:
 – Қазақстан діннің орталығы боп отыр қазір.
Екі жыл сайын бүкіл діннің басқарушылары елімізде жиналады. Көп ұлтты өңірміз, оның жақсылығы көп. Елбасы айтқандай ол бақыт, ол байлық.

Ауа райының салқындығына қарамастан тарихи маңызды оқиғаға куә болу үшін жиналған халық аз болмады. Бәрінен көп қуанған да солар болса керек.

Тұрғындар:
 – Өз ауданымызда шіркеу салынатынына өте қуаныштымыз. Енді алысқа бармай, осы жерде Құдайға құлшылық етеміз.
 – Құдайдың көмегімен шіркеудің салынып бітуіне дейін аман жетсек екен деймін. Елімізде тыныштық болсын.  

Ал мұсылман мешітінің құрылысы Құдай қаласа келесі Ораза айтына дейін аяқталып, Жұмысшы кенті тұрғындарының игілігіне берілмек. Оны салуды   «Алматы-Петропавл» базарының иесі Фамил Абдуллаев  екі жылдан бері жоспарлап жүр екен.  Бүгін осы үлкен арманның ақиқатқа айналған күні.
Мешіттің  іргетасы қаланды. Ендігі іс құрылысты дер кезінде аяқтау. Алайда Фамил Абдуллаевтың айтуынша, мешіт құрылысының нақты жобасы әлі құрылған жоқ. Дегенмен барлық жұмысты   толық өзіміз атқарып шығамыз дейді.

  Фамил Абдуллаев, «Абдуллаев» ЖК директоры:
-Бұл ауданда халық көп жүретіндіктен мешітті нақ осы вокзал қарсысында салмақпыз. Алланың қолдауымен келесі жылғы қарашаның аяғында толық аяқтаймыз деген ойдамын.

Жұмысшы кентінің халқы енді мешіт макетінің  ғимаратқа айналуын асыға күтетін болады.

Тұрғындар:
 – Бүгін еліміз үшін ерекше күн. Бұл біздің рухани байлығымыз, бірлігіміздің нышаны деп ойлаймын.
 – Жақын, вокзалдан түсе қалсақ,  болды. Қайырлы болсын бәрімізге.

500 адамға шақталғалған мешіттен бөлек мұнда қоғамдық монша салу да жоспарда бар.

 Кәусар Аяпбергенқызы