Депутаттармен кездесуде әсіресе кәсіпкерлер белсенділік танытуда. Халық қалаулысы Петр Дмитриенкоға өз сауалын Николай Ионов жолдай келіпті. Есіл ауданы Петровка селосының тұрғыны ауыл шаруашылығы саласының мамандары ауадай қажет деп отыр. Мал шаруашылығын кәсіп еткен жерлесіміз бұл мәселемен күнделікті бетпе-бет кездесіп жүр. Ауылдарға келген дәрігер, мұғалім, мәдениет саласының қызметкерлеріне мемлекеттен жәрдем көрсетілгенімен, ауыл шаруашылығы мамандарына ешқандай қолдау жоқ дейді кәсіпкер.
Николай Ионов, “Столыпинское” ЖШС директоры:
-Бүгінде мал шаруашылығында етті және сүтті бағытты да, түйеқұс өсіруді де қолға алып келеміз. Алайда, техникум бітіріп келген мамандар біз сияқты шаруашылықтарға емес, керісінше инспекцияларға, яғни бақылаушы қызметке барғанды жөн санайды. Өйткені, қазір мал дәрігерлеріне де, агрономдарға да мемлекеттен баспана беру, көтермеақы төлеу қарастырылмаған. Сондықтан шаруашылықтарда еңбек ететін маман табу қиын.
Облыстан сайланған депутат Петр Дмитриенко бұл мәселе көп ұзамай шешімін табуы тиіс деп отыр. Жақында мал шаруашылығы мәселелеріне арналған үлкен жиында осы мәселе кеңінен талқыланған.
Петр Дмитриенко, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
–Әзірше ауыл шаруашылығында еңбек ететін мамандардың барлығын бірдей қолдауға қаражат жетіспейді. Бірақ мал дәрігерлеріне көмек көрсету мәселесі келесі жылдан қарастырылмақ. Ал кейінгі жылдары өзге де мамандарға мемлекеттен қолдау көрсету үшін қолдан келгенді жасаймыз.
Халық қалаулысы мәлім еткендей, 2011 жыл нағыз ауылшаруашылығына бет бұратын уақыт болмақ. Тек «Қазагро» ұлттық компаниясы ғана республикаға асыл тұқымды мал басын жеткізуге 60 млрд теңге бөледі. Осы орайда облыста қазақтың ақбас және голландия сиырларына арналған 6 ферма салынбақ. Одан өзге заңнамаға енгізілген өзгертулерге сай субсидия асыл тұқымды мал өсіріп, сатқандарға емес, оны сатып алушыларға берілмек. Сондықтан депуттаттармен кездесуден ірі кәсіпорын иелері де кет әрі емес. Шешімін күткен мәселелер жетіп артылады дейді “Сүт одағы” ЖШС директоры Александр Кузлякин. Сондықтан халық қалалаулырына бір емес үш сұрағын қойып отыр.
Кәсіпкерлердің тағы бір тобы ҚР Парламенті Мәжіліс төрағасының орынбасары Владимир Бобров бастаған депутаттардың қабылдауына жазылыпты. Бизнесмен, әрі қалалық мәслихаттың депутаты Александр Казанцев тұрғын үй заңнамасына өзгерістер енгізу керектігін айтады. Ал Игорь Бухонин шағын азық-түлік дүкендері мәселесін көтерді.
Игорь Бухонин, жеке кәсіпкер:
-2007 жылы білім беру ошақтарынан 100 метр қашықтықта арақ-шарап өнімдерін сатуға тыйым салынғаннан бері мазамыз кетті. Алдымен лицензияларымыз өзгерді. Енді прокурорлар тарапынан тексерістер жүргізілуде. Әркім бұл 100 метрді әрқалай – кейбірі есіктен, енді бірі қоршаудан бастап , өз еркінше есептейді. Осы орайда бір ортақ шешім керек.
Бұл мәселені Иван Чиркалин де жоғары жақта жарты жыл бойы көтеріп келеді екен. Бірақ әлі күнге нәтиже жоқ. Қалай болғанда да, бұл проблеманың шешімі көп ұзамай табылуы тиіс. Владимир Бобров арақ-шарап саудасымен айналысатын дүкендердің жанынан білім беру ошақтары ашылатын жағдайда кәсіпкерлердің шығынын өтеу мәселесін қарастыру керектігін айтады. Бір айта кетерлігі, халық қалаулылары облысқа әбден қамданып келіпті. Тіпті жақында иеленген планшеттерін де тастамаған. Ол түсінікті де, қабылдауға жазылғандардың қатары қалың. Көтерген мәселелері де бір күндік емес. Олардың бәрін планшетке тізіп алып, кейін Парламентте шешу керек.
Гүлмира Шоқтыбаева