ТКШ

Кәрі құда – қыс келді

 

 

 

 
          

                

Бір түннің ішінде тобықтан асып, тілерсекке жеткен ақ қар коммуналдық қызметтердің жұмысын бірден арттырды. Түннің бір уағында трақторға от алдырғандар таң атқанша тыным көрген жоқ.  
Метеорологтардың мәліметі бойынша, өткен түнде 9 сантиметр қар түскен. Айлық мөлшер  – 24 сантиметр. Бірден жауған қар жолдарды бітеп, тұрғындарды абыржытып-ақ тастады.

  Александр Малюгин, жүргізуші:

-Таңертең клиенттеріміз көшеге шығып тұрды. Себебі, үйлердің подьездеріне жақындау мүмкін емес еді.

 Василий Мертюков,  қала тұрғыны:

-Бүгін жүрудің өзі қиын екен. Бірден осынша қар түседі деп ойлған жоқпын. Елу жылдан бері қалада тұрамын. коммуналдық қызметтер жұмысының  жақсарғанын көріп жүрмін.

Коммуналдық қызметтер қалың қар түскен алғашқы сағаттарда- ақ қысқа әзірліктерін көрсетті. Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы , жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары бөлімінде тәулік бойы кезекшілік ететін диспетчерлік қызмет ұйымдастырылған. Сондықтан қарды тазалау бірден басталды.  

  Қайролла Ғалеев, Петропавл қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушы тасымалы және автомобиль жолдары бөлімі бастығының орынбасары:

 – Қарашаның 28 нен 29-на қараған түні қала көшелерін тазалауға 6 кәсіпорынның 24 техникасы шықты. Олар түнгі 12ден таңергеңгі 9 ға дейін жолдарды тазалап шықты.

Ал таң атар-атпаста шаруаға өзге коммуналдық қызметтердің жұмысшылары кірісті. “Коммунхоз”кәсіпорны қаланы қардан аршуға 130 адамды бірден жұмылдырды. Он техника күні бойы үздіксіз жұмыс істеді.

  Антонина Кель,  “Коммунхоз” МКК өндіріс учаскесінің бастығы:

-Біздің техникалар қаланы қардан тазалауға таңертеңгі 5-тен шықты. Олар көшелер мен шағын бақтарды, тротуарларды аршыды. Ал арнайы бригадалар жұмысқа таңертеңгі жеті жарымнан кіріседі. Олар техника кіре алмайтын аялдама маңайларын, жол қиылыстарын тазалайды. Біздің кәсіпорында 9 бригада, яғни 130 адам жұмыс істейді.

Қауырт жұмыстың арқасында кешке таман қала қардан тазарып-ақ қалды. Осыдан бірнеше күн бұрын жылымық болғандықтан, қардың астына мұз қабаты қатқан. Сондықтан аялдама маңайларына құм да төселді. Коммуналдық қызметтер алдағы уақытта да табиғаттың кез-келген құбылысына төтеп беруге әзір. Бүгінде облыстағы коммуналдық кәсіпорындарда 80 арнайы техника мен  қар шығаратын 50 көлік бар.

Әсем Сембина