Білім

Аттестациядан өте алмаған студенттер қайта сынақ тапсырады

 

 

 

 

 

Мемлекеттік аттестациялық сынақта СҚМУ-дің 45 мамандық бойынша оқып жатқан студенттердің білімдер тексерілді. Сынақ тапсырушыларға 120 сұрақтың кемінде 70-не жауап беру талабы қойылған болатын. Алайда алғашқы негізгі тестілеу кезінде 10 мамандық өкілдері сүрінді. Апелляция барысында олардың тең жартысы орынсыз тапсырмалардың болғанын дәлелдеп шықты.

  Оңдасын Әшімов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
 –Әрі қарай оқуларын жалғастырады. Оларға ешбір кедергі жасалмайды. Шығару мәселесі, диплом ала алмайды деген бос сөздер. Ондай шаралар жоқ, болмайды да.

Оңдасын Әшімов факультеттің материалдық- техникалық базасы мүлдем болмаса, немесе топ жиналмаған жағдайда ғана мамандық жабылуы мүмкін дейді. Ал бұл жолғы тестілеуден өте алмаған 356 студент 3 айдан соң қайта сынақ тапсыратын болады. Оның нәтижесі де таңдаған мамандығын игеріп алуға кесірін тигізбейтін көрінеді.

 Оңдасын Әшімов, М. Қозыбаев атындағы СҚМУ ректоры:
 – Тестілеумен қатар басқа да жұмыстар жүргізілді. Комиссия оқу ісін, ғылым жұмысын тексерді. Тәрбие жұмысын, шаруашылық жұмысты тексерді. Барлық мамандықтарда  біздің мұғалімдердің саны да, сапасы да керекті пайызға жетіп отыр.

Биылғы білім беру көрсеткіші бойынша СҚМУ университеті еліміздің көпсалалы жоғарғы оқу орындарының ішінде 7-ші орында.

Жеңіс Ермұқанов