Қылмыс

Жол-көлік апатында 5 адам қаза тапты

 
 

 

 

Бұл қайғылы оқиға Мағжан Жұмабаев ауданында Булаев қаласына жақын жерде болды. «ВАЗ 2107» автокөлігі Петропавл қаласына қарай жол жүріп бара жатқан. Жүргізуші Чистовское селосының 25 жастағы тұрғыны болып шықты. Көлікте одан басқа тағы да төрт жолаушы отырған, арасында 2 жасар бала да болыпты. Көлік жүргізушісі рөлге ие бола алмай, қарсы бағытқа шығып кетіп, алдынан келіп қалған «Вольво» жүк көлігімен соқтығысқан. «Вольво» жүргізушісі рөлге ие бола алмай келе жатқан жеңіл машинаны аңғарған. Ол бірден тежегішті басқанымен, көптонналық жүк көлігі қысқы жолда бірден тоқтай қоймапты.  «Жигули» көлігінің жүргізушісі мен ересек жолаушылар оқиға орнында қаза тапты. Ал екі жасар сәби ауруханаға жеткен соң көз жұмды.  Жыл басынан облыс жолдарында 281 жол- көлік оқиғасы тіркеліп, оның салдарынан 65 адам қаза тапты. 342 адам әр түрлі жарақаттар алған. Жол полицейлері көктайғақ кезінде сақ болу қажеттігін қатаң ескертеді.

 Кәусар Аяпбергенқызы