Спорт

Шахматтан облыс чемпионаты

 

 

 

 

 

Ала тақта ойыны біздің өңірде аса қанат жая қойған жоқ, дегенмен оған құмартушылар саны өсіп келеді. Шахматпен өмірін байланыстырған аға буын өкілдерінің орнына бүгінде жастар нықтап жайғаса бастады. Чемпионатқа қатысатын 36 шахматшының ең кішісі 12 жасар Әлішер тәжірибе жөнінен көптің алдында.

  Әлішер Кеделбаев:
 – Шахматты 6 жастан ойнаймын, мені Салтанат ағай үйретті. Жақсы ойнаған соң сабақта көп көмектеседі. Әсіресе математика сабағында. Менде көп жеңістер болды. Облыста 1-2 орындар, республикаға бардым.

Биылғы чемпионат деңгейі жылдағыдан әлдеқайда жоғары болмақ. Себебі бұл жолы үміткерлер облыстың үздігі титулы үшін күресіп қана қоймай, спорттық нормативті орындай алады. Яғни, жақсы нәтиже көрсеткен кандидаттар спорт шебері дәрежесіне қол жеткізеді.

  Александр Новичков, туризм және спорт басқармасы бұқаралық спорт түрлері бөлімінің бастығы:
 – Биылғы чемпионаттың ерекшелігі мұнда ең үздік шахматшылар ойнайды. 4 спорт шебері болса, оның біреуі халықаралық деңгейдегі шебер, екеуі шахмат федерациясының, тағы біреуі ұлттық шебер. Тағы оны спорт шеберінің кандидаты.

4 күнге созылатын интеллектуалдар сынында қалалықтармен ой жарыстыруға Қызылжар, Тимирязев, Тайынша аудандарының 8 өкілі келіпті.

  Сепен Көпеев, чемпионатқа қатысушы, Тайынша ауданы:
 –Өзім Тайынша ауданынан келдім, Чкалов селосынан. Бірінші рет,  дебют деп есептеуге болады. Тырысамын, жақсы ойнаймын деп ойлаймын. Арнайы келдім өзімнің күшімді, басқа адамдарды көрейін деп.

Жастар, ересектер, қыз балалар, ер балалар деп топтастырылған 4 номинацияның ішінен облыс чемпионы атағы бір адамға ғана бұйырады. Қалғандары арнайы диплом және түрлі сыйлықтармен марапатталмақ.

Кәусар Аяпбергенқызы