Бизнес және экономика

Кәсіпкерлердің өңірлік жиыны

 

 

 

 

 Еліміздің қаржылық дағдарыстан етек-жеңін жиысымен қолға алғаны үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы болды. 2011-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламаның арқасында елімізде 130-дан аса ірі кәсіпорындар жұмысын іске қосу жоспарланған. СҚО-да  ғана жыл соңына дейін тағы үш жобаның тұсауы кесілмек. Дегенмен, бағдарламаның алып-қосар тұстары мол. Өз жұмыстарында нақты кедергілерге кез болған  кәсіпкерлердің индустрия және жаңа технологиялар министрлігіне, үкіметке жеткізерлері бар. Сондықтан ашық әңгімеге келген  «Атамекен» одағы» ұлттық экономикалық палатасының өкілдері кәсіпкерлермен толыққанды байланыс орнатуды жоспарлап отыр.

  Ербол Сартбаев, “Атамекен” ұлттық экономикалық палатасы басқарма төрағасының кеңесшісі:

 -Қазақстан, Ресей, Белоруссия ортақ Кедендік одаққа енді. Яғни, жаңа бизнес-байланыстар жүзеге асырылады. Қазақстан осындай бәсекелестікке даяр болуы керек. Әйтпесе Қазақстан тағы да шикізаттық мемлекет қатарында қалады.

Үдемелі индустриялық-инновациялық бағдарламаға белсенді қатысып жатқан ЗИКСТО зауыты қосымша қаржының жоқтығынан бүгінде цемент пен контейнер тасығыштарды өндіріске қоя алмай отыр. Жаңашыл жобаларды қолға алған кәсіпорындар қатары бойынша да облыс үлкен көрсеткіштерге жете қойған жоқ.

  Александр Иванишев,облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасы бастығының міндетін атқарушы:

-Біздің облыстағы инновациялық кәсіпорындар қатары 2,6 пайыз шамасында. Бұл өте төмен көрсеткіш. Ал бағдарлама бойынша 2015 жылы инновациялық кәсіпорындар қатарын 10,  2020 жылы 20 пайызға жеткізу жоспарланған.

Дөңгелек үстелде сондай -ақ өнеркәсіптегі салалық бағдарламалардың жүзеге асырылу барысы да қаралды. Бірақ өнеркәсіп  өнімінің көлемі облыста өткен жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда 0,9 пайызға төмендеген. Бұндай жағдай Шығыс Қазақстан облысында ғана байқалады. Ал қалған өңірлер өнеркәсіп деңгейін 5-25 пайызға өсірген. Өңдеу өнеркәсібі бір пайызға төмендеген.
Бұл көрсеткіштердің барлығын жақында құрылған индустрияны дамыту институты есепке алып, еліміздегі кәспорындардың техникалық аудитін бастаған.

 Галина Мусенова, “Қаақстан индустрияны дамыту институты” АҚ президентінің орынбасары:

-Ал техникалық аудитке қатысқандар бойынша нақтылы бағдарлама жасалады. Ұшқыр жобаларды жүзеге асыру кезінде осы аудитке қатысқан кәсіпорындарға таңдау түседі. Бұл әрине, қаржылық қолдау болады. Бүгінде Даму банкі арқылы бұл мәселелерді талқылауға кіріскенбіз.

Әзірге облыстағы 7 кәсіпорын ғана техникалық аудитке келісім берген. Республика бойынша 620 кәсіпорында мұндай тексеріс жүргізіледі.

 Әсем Сембина