Бизнес және экономика

Екі ел кәсіпкерлерінің кездесуі

 

Бүгінгі таңда Ресей мен Қазақстан арасындағы сауда-экономикалық бағыттағы байланыс жақсы жолға қойылған. Көрші ел бұрынғыша біздің негізгі әріптесіміз болып отыр. Өткен жылдың қорытындысы бойынша, оның еншісіне Солтүстік Қазақстан тауар айналымының 67 пайызы бұйырған. Ал Кедендік Одақтың құрылуымен екі ел арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынас жаңа сатыға көтерілді. Осы әріптестікті кеңейтуді көздейтін маңызды кездесуге Свердлов облысы мен Башқұртстаннан түрлі салада жұмыс жасайтын 8 кәсіпорнының өкілдері келді. Олардың қатарында металлургия, құрылыс, ағаш өңдеу өнеркәсібі мен энергетикалық кешенге қажетті қондырғы-құрылғылар ұсынатын кәсіпорындар бар.

  Нелли Кукушкина,  СҚО сауда-өнеркәсіп палатасының төрайымы:
 – Ресейлік кәсіпкерлер біздің өңіріміздің кәсіпорындарымен әріптестік орнатуды көздейді. Бұндай кездесулер бірлескен кәсіпорын құруға, не болмаса облыста филиал, өкілдік ашуға жол салады. Өткен жылғы кездесулер нәтижесінде екі ел кәсіпорындарының арасында бірқатар келісімдер жасалғанын айту керек. Біздің кәсіпкерлер де бірнеше мәрте Ресейге барып, жемісті келіссөздер жүргізді.

Свердлов өңірі мен жергілікті кәсіпкерлер осымен үшінші рет кездесіп отыр. “Уралставан – Инжиниринг” жабық акционерлік қоғамының директоры Станислав Мыльников өз өнімдерімен таныстырды. Кәсіпорын энергия үнемдеу, тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығына қажетті құрылғыларды шығарады.

Станислав Мыльников, “Уралставан-Инжиниринг” ЖАҚ бас директоры:
 – Солтүстік Қазақстан облысында шыныпластикадан жасалған торлы құбыр өндірісін ашқымыз келеді. Сонымен қатар локалды-тазарту құрылғылары өндірісін де ұйымдастыруға болады. Онымен елді мекендердің жанындағы аумақтың экологиялық жағдайын жақсартуға болады. Бір сөзбен айтқанда, ұсыныстар көп. Бүгінгі кездесуге келгендегі мақсат та осы – Солтүстік Қазақстан облысынан әріптес тауып, жұмысты бастау болып отыр.

Ал Башқұртстан кәсіпкерлері өңірімізге алғаш рет аяқ басып отыр. Жергілікті кәсіпорындар ішінде олардың өнімдеріне қызығушылық танытқандар табылды. Делегация өкілдерімен іскерлік келіссөздер жүргізуге солтүстікқазақстандық елуге жуық кәсіпорынның басшылары ниет танытыпты.

  Сабыржан Жұмабаев, “СевКазСтройМонтажник” ЖШС директоры:
 -Свердлов облысының “Медавтоматика” ААҚ -мен келіссөздер жүргіздік. Электрмонтаждау құрылғыларын күтуге қажетті құралдарды әзірлеуде нанотехнологияларды қолданады екен. Бізді аса қызықтырды. Әріптестік қарым-қатынас орнатуға мүдделіміз.

Екі елдің сауда-өнеркәсіп палаталарының арасында орнаған жемісті әріптестіктің нәтижесінде жергіліті бизнесмендер мен ресейліктер соңғы үш жылда осымен 13 рет кездесіп отыр. Бұндай іскерлік келіссөздер жалғасын таппақ.

Айымгүл Әбілева