Білім

Гуманитарлық-техникалық колледжге – 80 жыл

 

 

 

 

  Гуманитарлық-техникалық колледж – облыстағы кәсіптік-техникалық білімнің негізін қалаған іргелі оқу орны. 1930 жылы Ленинград қаласында құрылған механикалық-конструкторлық техникум соғыс жылдары Петропавлға көшірілген. Содан бері  білім мекемесінен 25 мамандық бойынша 50 мыңнан астам түлек қанат қаққан. Гуманитарлық-техникалық колледж ұжымын  80 жылдық мерейтоймен облыс әкімі Серік Біләлов құттықтады. Білім ордасының бір топ оқытушылары облыс әкімінің марапатына ие болды. Серік Біләлов гуманитарлық-техникалық колледжді отыз жыл басқарып отырған Александр Меркке көпжылғы адал еңбегі үшін Құрмет грамотасын табыс етті. Сондай-ақ ол Білім және ғылым министрлігінің төсбелгісімен марапатталды. Бірқатар оқытушылар облыс әкімі мен министрліктің алғыс хаттарына ие болды. Өңір басшысы колледж оқытушылары мен студенттеріне компьютерлік сыныпты сыйға тартты. Бұл күні жылы лебіздер мен құттықтаулар көптеп айтылды. Мерейтойға қатысқан  Парламент депутаттары Анатолий Башмаков пен Тасбай Симамбаев бүгінгі күні еліміз үшін кәсіби білікті мамандар қажет екенін атап өтті. Бүгінгі таңда гуманитарлық-техникалық колледж Ресейдің бірқатар оқу орындарымен тығыз қарым-қатынас орнатқан. Әріптестерін мерейтоймен құттықтауға Түмен мемлекеттік университетінің өкілдері келген. Бұл күні сөз алған оқу орнының түлектері үлкен өмірге жолдама берген колледж педагогтарына алғыстарын жаудырды. Қазіргі күні гуманитарлық-техникалық колледжде 14 мамандық бойынша үш мыңға жуық студент білім алып жатыр. Жүзден астам оқытушы еңбек етуде. Кәсіптік-техникалық мамандық иелеріне бүгінгі күні елімізде сұраныс бар. Бұл ретте гуманитарлық-техникалық колледж білікті мамандар даярлауда облыстағы бірден-бір оқу орны болып қала бермек.
 

Айымгүл Әбілева