Балалар

Ризашылық күні



 

  Ризашылық күні – мейірімділік пен ізгілік мерекесі. Бұл ана әлдиін, бесік жырын тыңдап өспеген бүлдіршіндерге көрсетілген қамқорлықтың  бір көрінісі. Шарапатты шараны көріп, ықылысқа бөленген қамкөңіл әр баланың жүрегіне мейірімділік оты ұялары сөзсіз. Полудин балалар үйіне қонаққа келген облыс әкімі Серік Біләлов бүлдіршіндерді ризашылық мейрамымен құттықтап,  ізгі тілектерін жеткізді.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
 – Қымбатты бүлдіршіндер! Бүгін сіздер үшін өте қуанышты күн. Балғын балалық шақтарыңызға мейірімділік, шапағат және ризашылық тілеймін!

Өңір басшысы  балаларға  үй кинотеатрын сыйға тартты.  Ризашылық күні елімізде екінші жыл аталып өтуде. Бұл ізгілік мерекесі – “Бөбек” қорының президенті Сара Назарбаеваның бастамасы.  Ол жетімдер үйінің сәбилеріне ыстық сезімін білдірген арнайы хат жолдапты. Жеткіншектерге хатты балалар үйінің директоры Юрий Ляпин оқып берді. Сара Назарбаеваның жылы лебізін бүлдіршіндер бар ынталарымен тыңдады. Жарқын мерекеде ересектердің ықыласы мен мейіріміне бөленген сәбилер ризашылықтарын әнмен білдірді.  
Балалар облыс әкімімен бірге “Бөбек” қорының президенті сыйға тартқан көптеген өсімдіктерден тұратын “Ризашылық бағын” тамашалады. Кітаптар жинағы да бүлдіршіндерге үлкен сыйлық болды Алдар Көсе, Қожанасыр хикаяларын, Пушкин мен Андерсеннің ертегілерін оқып өскен кейінгі ұрпақ тәрбиелі болмақ дейді ұстаздар. Бүгінде Полудин балалар үйінде үштен жеті жасқа дейінгі 40 жетім бала тәрбие алуда. Облыс әкімі кабинеттерді аралап көрді. Педагогтармен тілдесіп, оқыту әдістемелерімен танысты.
 

Айымгүл Әбілева