Құқық қорғау органдары

Жол полицейлерінің кәсіби мерекесі

 

Облыс әкімі Серік Біләлов алдымен полицейлерге аймағымыздағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етуде   көмегі зор көлік нысандарымен танысты. Өңір басшысы  ескірген техника жуық арада жаңартылып,   көлік қоры толығатынын жеткізді. Сондай-ақ Серік Біләлов жол сақшыларының кәсіби мерекелерінде ашылған мұражайды да аралады. Мұнда аталмыш  құрылымның өткенінен сыр шертер құнды жәдігерлер жиналыпты. Тіпті патрульге алғаш болып шыққан “Москвич” пен ҰОС кейін автоинспекторлар пайдаланған екі доңғалақты  БМВ маркілі герман мотоциклін тамашалауға болады. Жол полициясының байланыс құралдары мен киім үлгілері де мұражайдан өз орындарын тапқан. Мұндағы дүниелердің негізгі бөлігін құрметті демалысқа шыққан жол полициясы ардагерлері тарту еткен. Салтанатты жиында облыс әкімі жол сақшыларын кәсіби мерекелерімен құттықтады.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Құрметті жол полициясы қызметкерлері, сіздерді ҚР жол полициясының 18 жылдығымен шын жүректен құттықтаймын. Сіздердің қызметіңіз үлкен жауаптылық пен қайратты талап етеді. Елбасы өзінің жыл сайынғы жолдауларында қоғамдық тәртіпті сақтап, қылмыспен күресуге үлкен көңіл бөледі. Сондықтан сіздердің алдарыңызда жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша жаңа міндеттер тұр.

1992 жылы көлік инспекциясы жол полициясы болып өзгертілді. Бүгінде облыс жолдарындағы қауіпсіздік пен тәртіпті күн райына қарамастан 200-ге тарта сақшы қадағалап жүр. Таңдаған істеріне адал болып, жүктелген міндеттерді жоғары деңгейде орындап жүргендері облыс әкімінің құрмет грамоталары мен алғыс хаттарына ие болды.
 
 Ермек Сәдуақасов,  СҚО ІІД ЖПБ жеке ботальоны командирінің орынбасары:
 – Мен осы салада 8 жыл қызмет етемін. Бүгін облыс әкімінен алғыс хат алдым. Еліме әр уақытта адал қызмет етуге дайынмын.

Сондай-ақ салтанатты жиында  бір топ қызметкерлерге үздік қызметтері үшін ІІД бастығының грамоталары мен кеуде белгілері табыс етілді. Татьяна Рахматулинаның троллейбус паркінің жүргізушісі ретіндегі еңбек өтілі 30 жылдай. Осы уақытқа дейін ол жолда жүру ережелерін  бұзып көрмепті.

  Татьяна Рахматулина, “Троллейбусный парк” ЖШС жүргізушісі:
– Қазір жолда жүру өте қауіпті болып кетті. Қаптаған машина,  ережелерді елегісі келмейтін жүргізушілер көп.
Қайда жанталасатыны белгісіз. Осындайлар  жиі көлік апаттарын тудырады. Мен асықпаған қоянға жетеді деген қағиданы ұстанып, абайлап жүруге тырысамын.

Татьяна Рахматулина сынды өңіріміздің қоғамдық көліктерінің бірқатар үздік жүргізушісі  марапатқа ие болды. Мерекелік жиында осы саланың ардагерлері де ұмыт қалмады. Жол қозғалысына байланысты жеткіншектердің арасында жарияланған байқаудың қорытындысы шығып, жеңімпаздар сыйлықтарға ие болды. Қаламыздың өнер ұжымдары құттықтауларын ән-жырмен жолдап, салтанатты жиын мерекелік концертке ұласты.

 Жеңіс Ермұқанов