Мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы

Ауыл шаруашылығы

16:47 24 Қараша 2010

Соңғы жылдары облыста мал шаруашылығын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Соның нәтижесінде биыл өткен жылмен салыстырғанда мал басының артқаны байқалады. Бірақ көптеген шаруашылықтарда осы күні тұқымы асыл емес, өнімді аз беретін мал саны басым. Тұрақты жем-шөп базасы жоқтың қасы. Асыл тұқымды мал шаруашылығымен айналысатын агроқұрылымдар саусақпен санарлық. Өз кезегінде өнімді ұқсату  саласы да сылбыр дамып келеді. Кей аудандарда ет, сүт өңдейтін кәсіпорындар мүлдем жоқ. Облыста әзірленген жаңа бағдарлама нақ осы мәселелерді шешуге бағытталмақ. Мал шаруашылығын дамытуға арналған іс-қимыл жоспарын 2011-2013 жылдары іске асыру межеленіп отыр. Бағдарламаның басты бағыттарының бірі – әр ауданда жаңа мал шаруашылығы кешендерін ашу. Бұл істе облыс әкімі жауаптыларды бекітіп, талаптың қатаң болатынын ескертті.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Бағдарлама аясында әр ауданда 320, 500 басқа шақталған сүт кешенін және мал бордақылау алаңын ашу  керек. Бұл іске аудандар әкімдері, әкімдердің ауыл шаруашылығы жөніндегі орынбасарлары мен ауыл шаруашылығы бөлімдерінің бастықтары жауапты болады. Егер бір жыл ішінде ашылмаса, қызметтерінен босатылады. 

Мамандар әр ауданда осындай шаруашылықтар құру әбден мүмкін екенін айтады. Облыста жарқын мысал бола алатын, аз уақытта әлемдік талаптарға сай өндіріс құрған кәсіпорындар баршылық.

  Серік Тәшенов,  СҚО ауыл шаруашылығы басқармасының бастығы:
– 300 бас мал фермасы мен 500 бас мал бордақылау алаңын ашу – бір аудан үшін қолдан келетін шаруа. Мәселен, «Зенченко и К» серіктестігінде   сүт шаруашылығының  дамуы 3 жылда әлемдік  стандарт деңгейіне жетті. Леонов бір жылда ескі ферма негізінде 70 млн теңгеге жаңа кешен құрды. 

Ветеринария жүйесін дамыту да басым бағыттардың бірі. Келесі жылы еліміздің “Ветеринария” туралы заңына бірқатар өзгерістер енгізілмек. Аудандық деңгейде мал дәрігерлік стансалар құрылмақшы. Сонымен қатар, ветеринарлық қызмет көрсету саласына мемлекеттік монополия орнату керек. Мамандар тапшылығы мәселесін шешудің де маңызы үлкен. Бұл мақсатқа таяу үш жылда республикалық бюджеттен 30 млрд. теңге бағытталмақ. Жергілікті бюджеттен де қаражат қарастырылатын болады.
Жиында Солтүстік Қазақстан өсімдік және мал шаруашылығы  ғылыми-зерттеу институының ғалымдары да ой бөлісті. Олар мал азығы базасын нығайтуға басымдық беріп отыр. Малдың асыл тұқымдылық және өнімділік қасиеттерін жақсарту үшін селекциялық жұмыстардың деңгейін көтеру керек. Бұл жағдайда ұрықты трансплантациялау тәжірибесі аса қызықты болып табылады. Ғалымдар бұл әдістің болашағы зор екеніне сенімді. Бүгінде тәжірибе облыстағы төрт шаруашылықта іске асырылып жатыр. Сөйтіп, мал шаруашылығын дамытып, жаңа сатыға көтеру үшін алдағы уақытта үлкен міндеттер тұр.Аталған салаға жаңа технологияларды енгізіп, әлемдік тәжірибені пайдалану қажет. Мал басын көбейту, асыл тұқымды мал шаруашылығы мен өнімді қайта өңдеуді дамыту үшін жүйелі жұмыстар жүргізу шарт. Серік Біләлов бұл міндеттерді іске асыру барлық деңгейдегі жергілікті атқарушы органдарға жүктелетінін қадап айтты.

Айымгүл Әбілева

Бұдан әрі оқыңыз

Биыл өңірде 80-нен астам мал ұрлау фактісі тіркелген
Диқандар 4,8 млн тоннадай дәнді және дәнді бұршақ дақылдарын жинады