Өңір басшысы Серік Біләлов пен аудандар әкімдері жұмыс сапары барысында негізінен ауылшаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатқан агроқұрылымдарда болды. Аққайың ауданындағы «Леонов» шаруа қожалығы – сондай үлгілі серіктестіктердің бірі. Шаруашылық елімізде жүзеге асырылып жатқан үдемелі индустриялық -инновациялық даму бағдарламасына енгізілген. Кешенде үш жүзден аса сиырдан күніне 3 мың литрге жақын сүт алынады. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті өсіру жоспарланған. Кәсіпорын заманауи технологияларды қолдану арқылы кешен жұмысын әрі қарай дамытуды көздеп отыр.
Павел Леонов, «Леонов» ШҚ сүт кешенінің директоры:
-Ең бастысы – сүт сапасы. Жаңа жетістіктерге жету үшін тың әдістерді қолдануға көштік. 2-2,5 мың литрмен отыруға болмайды. Бұл кешегі күн. Заманауи технологияларды қолдану арқылы 5-6 мың литр сүт алатын күнге жетуіміз керек.
Облыс әкімі мұндай шаруа қожалықтарының санын өсіру бүгінгі күн талабы екендігін айтты.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-2011 жылы мұндай ферма әр ауданда болуы керек. Әр әкім бұл тапсырмаға жеке жауапты.
Есіл ауданындағы «Заградов» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі қазақтың асыл тұқымды ақ бас сиырларын өсіріп отыр. Облыс әкімі осы кәсіпорынды мысалға ала отыра, қомақты қаржысыз қарапайым жағдайда асыл тұқымды мал өсіру мүмкіндігі бар екендігін айтты. Ақ бас мал әуелден етті тұқым. Бұқаларының салмағы 800-1000 килограмға дейін жетеді. Ұрғашысы 5-5,5 центнерге дейін салмақ қосады. Бір бас қара мал шамамен 200 мың теңгеге бағаланады. Облыста асыл тұқымды мал өсірумен айналысатын шаруашылықтар болғанмен, олардың саны аз. Ал мал басын өсіріп қана қоймай, өнім сапасын арттыру – уақыт талабы.
Серік Тәшенов, облыстық ауылшаруашылығы басқармасының бастығы:
– Бірқатар асыл тұқымды мал шаруашылығы дәрежелерін жоғалтып жатыр. Ал бүгінде жағдай өзгерген. Егер бұған дейін өнімін сатқан шаруашылықтардың барлығына субсидия бөлінетін болса, ендігі уақытта үкімет көмегі тек асыл тұқымды мал өсіретін фермаларға ғана беріледі. Ал қалған шаруашылықтар етін сатып, сүтін өндіріп, жатса да, мұндай жеңілдіктерге қол жеткізе алмайды. Немесе көмек аз мөлшерде ғана беріледі.
Серік Біләлов, СҚО әкімі:
–Біз 2011-2013 жылдарға арналған мал шаруашылығын дамыту жоспарын жасаймыз. Ал сіздер осы жұмысты жүргізесіздер. Аудан әкімдерін бұл сапарға жай алып шыққан жоқпыз. Бүгін көріп, ертең жауап беретін боласыздар.
Әкімдер «Зенченко и К» командиттік серіктестігінде де болды. Шаруашылықта автоматтандырылған екі сүт станогы қосылған. Малды күтудегі ең ауыр жұмыс та заманауи кешенде техникаға жүктелген. Яғни, 600 бас малға азық тасып салу, қора-жайды тазалауды бір техника мен төрт адам атқарады.
Ауылшаруашығы өнімін өңдеу де күн тәртібіндегі маңызды мәселелердің бірі. Облыстағы мұндай кәсіпорындар ондап саналады. Есіл ауданында облыс басшысы мен аудан әкімдеріне «Егін» серіктестігінің жұмысы көрсетілді. Серіктестік ұн, дәруменді кебек түйіршіктерін шығару ісін оң жолға қойған. Жақында макарон өндірісін де бастамақшы. «Молсервис» серіктестігі де – өнімін өзге облыстарға таратып, нарықтан өз орнын тапқан кәсіпорындардың бірі. 20 жылдан аса сүт өңдеумен айналысатын серіктестік өнімнің 14 түрін өндіріске қойған.Ал Қызылжар ауданындағы «Тортуманов и К» серіктестігі қалбырланған ет өнімдерімен өңірге танымал. Бүгінде кәсіпорын өз тауарын еліміздің бес облысына таратып отыр.
Әсем Сембина