Мәдениет

Жас техниктер форумы

 

 

 

 

Форумға әкелінген дүниелердің барлығы жас техниктердің ой-қиялы мен бірнеше айлар бойғы зор еңбектің жемісі. Балалардың тапқырлығы мен шеберлігі тәнті етпей қоймайды. Бостандық орта мектебінің оқушылары ауыл шаруашылығы техникасы мен Ұлы Отан соғысы жылдары жаралы жауынгерлерді тасыған көліктің жобасын әзірлепті.

Маралбек Тәшетов, Бостандық орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:
Фанер, қаңылтыр, темір, сым, ағаш – осы материалдарды қолдандық. Қиыншылықтар болды. Өйткені, уақыт аз болып қалды да, көп нәрсе істелінбей қалды.
  Қайдар Шоқтыбаев, Бостандық орта мектебінің оқушысы, Мамлют ауданы:
Мына «ЗИС» машинасы соғыс кезінде Сталин атындағы зауытта шыққан. Бізде бұл машинаның нақты үлгісі болған жоқ. Дискіден қарап жасадық.

Өнертапқыштар жас техниктер форумына алғаш рет келіп отырған жоқ. 2008 жылы Бостандық орта мектебінің оқушылары екінші орынды еншілеген. Бұл жолы да олар жүлделі болудан үмітті. Облыстық форум – жас техниктер байқауының екінші кезеңі. Бүгінгі жиынға қалалық және аудандық сайыстарда үздік атанған жобалардың авторлары келіп отыр.   Әділ қазылар алқасының алдында жобаларын қорғаған оқушылардың әрбіреуі өз жұмысының бірегейлігін дәлелдеуге тырысты. Балалар туындыларын тоғыз бағыт бойынша ұсынды. Мағжан Жұмабаев ауданы Колосовка орта мектебінің оқушысы Николай Горбач ғарыш кемесін әкеліпті. Бұл жобаны жасау үшін жас техник бір жыл бойы тынымсыз еңбектенген.

  Николай Горбач, Колосовка орта мектебінің оқушысы, М.Жұмабаев ауданы:
Бұл кеме – болашақтың техникасы. Мен келешектің техникасын жасауға құштармын. Жас техниктер көрмесіне жылда осы бағытта жасалған жұмыстарымды ұсынамын. Мынау ғарыш кемесін әзірлеуге жетекшім Алексей Цейнер көмек көрсетті.

Облыстық жас техниктер форумының жеңімпаздары екі жылда бір рет ұйымдастырылатын республикалық слетке жолдама алады.

 Айымгүл Әбілева