Білім

Мемлекеттік тілді меңгеру жайын талқылаған жиын

 

 

 

 

 Қазір облыс орталығындағы қазақ мектептерінде орын жоқ. Бұл мәселені шешу үшін қаламыздағы оқуы орыс тілінде жүретін 8 мектепте  қазақ сыныптары ашылыпты. Бүгінде аталған сыныптарда 200-ге тарта өзге ұлттың ұл-қыздары мемлекеттік тілде білім алып жүр. Қазақ тілін оқыту да сапасы артуда.  Мемлекеттік тілді үйретуде озық әдістемелер мен инновациялық тәсілдер қолданылады.

 Сәуле Кереева, Петропавл қалалық білім бөлімінің бас маманы:
– Бүгінгі күні қазақ тілі сабағының сағат саны  көбейтілді. Бастауыш сыныпта 4 сағат, орта буында 5 сағат қазақ тілі оқытылады. Сонымен қатар биылғы жылдан қазақ әдебиеті екі топқа бөлініп, сабақ беріледі.

Өзге ұлт өкілдерінің тілін сындырып, таза сөйлеу мен тілдік қорын молайту мақсатында әдебиет сабақтары таза қазақ тілінде өтеді. Биыл мемлекеттік тілден ҰБТ-дегі нәтиже де жоғары болды. Алайда басқалар мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге қызығушылық танытып жатқанда, қара көздердің  тек 60 пайызы ғана туған тілдерінде білім алуда. Жиынға қатысушылар өңірімізде қазақ тілінің мәртебесін көтеруді бесіктен бастаған дұрыс деген ойға келді. Сондай-ақ отырыста аға буын өкілдерінің жастарға үлгі болуы керектігі де айтылды. 2020 жылға дейін мемлекеттік қызметшілердің бірі қалмай қазақ тілінде мүдірмей еркін сөйлеумен қатар құжаттарды мемлекеттік тілде жүргізу дәрежесіне жету керек деп Елбасы айтқан болатын. Бұл орайда  қазақ тілі кешені көмекке келеді дейді тіл жанашырлары.

Айбала Мәженова, СҚО тілдерді оқыту орталығының директоры:
 –  Астана қаласында 18 оқытушы оқып, сертификат алып келді. Өйткені бұл өте күрделі, әрі қызықты кешен. Қазір олар алған білімдері бойынща  19 топта сабақ беруде.

Оның 10 тобы облыс орталығында болса, қалғандары ауылдық  жерлерде. Кешен 19 бөлімді тоғыз курстан тұрады. Оны меңгеріп шыққан адамның қазақ тілін білмеуі мүмкін емес дейді тілдерді оқыту орталығының директоры Айбала Мәженова. Оны енді уақыт көрсетер.

Жеңіс Ермұқанов