Өнеркәсіп

Тыңайтқыш заводы бой көтеріп келеді



 

 

Қазіргі уақытта зауытқа дейін темір жол тартылуда. 20 күннің ішінде 3 шақырым жол төсейтін аумақ дайындалған. Ал оның жалпы ұзындығы 13 км болмақ. Бұл жол минералды тыңайтқыштар    өндіретін “Биоплант Флора” зауыты үшін аса маңызды инфрақұрылым.  Зауыт жеке инвестицияға тұрғызылады. Барлығы нысанға 8 млрд теңге құю жоспарланыпты. Инвестор компания ірі өндірістік кластерді кеңейтуді де ойластырған. Жаңа жобалармен облыс әкімі танысты.

  Давид Варагян,  «Goldhein investments limited» ресейлік компаниясының президенті:
Сол жақ бетте жылына 200 тонна бидай өңдейтін зауыт тұрғызсақ дейміз. Ал оң жақта мал шаруашылығы кешенін салу керек. Сонда зауытта өңдеуден қалған өнімді пайдалануға болады. Ал ондағы гумусты “Биоплант” зауытына жөнелтеміз. Сондықтан бізге жер үлесі керек.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

– Бұлай болса, қалдықсыз өнім шығара аламыз. Мал шаруашылығынан қиды да пайдалануға болады.

Ол үшін инвесторға кем дегенде 30 га жер керек. Облыс әкімі тиісті орган басшыларына мәселені біржақты етіп, жаңа жобалардың құрылысын жүзеге асыруға жағдай жасауды тапсырды. Сондай-ақ, қазіргі уақытта Петерфельд ауылының шетіндегі мұнай базасын қалпына келтіру, жаңарту жұмыстары жүріп жатыр. Бүгінгі таңда нысан басында 120 жұмысшы еңбек етуде. Дәл осы жерде көп ұзамай жаңа мұнай өнімдерін құю терминалын іске қосу жоспарланып отыр. Оның орташа қуттылығы айына 100 мың тоннаны құрамақ. Мұнай өнімдерін құю базасын қалпына келтіру жоспарында  экологиялық талаптардың барлығы қарастырылған. Нысан басында болған облыс әкімі   жұмыс қарқынымен танысты.
Мердігер компания өкілдері жұмыс қарқыны ауа райына байланысты екенін айтады. Алайда терминалды қаңтар айының соңына таман қолданысқа беру жоспарланған.

Гүлмира Шоқтыбаева