Құқық қорғау органдары

“Есте сақта және ойлан” акциясы

 

 

 

Жол апатына түскен машиналарды эвакуаторларға тиеп алып, қала көшелерімен жүріп өтудегі мақсат –   жолда жүру ережелерін ескермей, өрескел заң бұзушыларға ой салу. Сау- тамтығы қалмаған «Жигули»,  сырнайдай жиналып қалған «Москвич»  –     бұл көліктердің барлығы дерлік жол ережелері мен қауіпсіздік шараларын сақтамаудың кесірінен  осындай  күйге ұшырап отыр. Ең өкініштісі, осындай немқұрайдылықтың арты көп жағдайда орны толмас өкінішке әкелуі мүмкін.

  Ақпан Дүкетбаев, СҚО ІІД ЖПБ бастығы:
– 2010 жылдың он айында Солтүстік Қазақстан  аумағында 256 жол- көлік оқиғасы тіркеліп, соның салдарынан  54 адам қаза тапты.  Қозғалыс жылдамдығын бекітілген мөлшерден асыру, көшені белгіленбеген орында және бағдаршамның тыйым салу белгісіне өту  – жол-көлік оқиғаларының негізгі себебі болып отыр.  

Абырой болғанда,  алаңғасырлық танытқан жүргізушілер мен жаяу жүргіншілердің 313-і түрлі дене жарақаттарымен шектеліп, өмірлік сабақ алды. Аман қалғандардың 28-і жасөспірім. Жол сақшыларының көлік апатында қаза тапқан адамдардың құрметіне ұйымдастырған шеруі  қаламыздың қауіпті деген аймақтарында өткізілді.  Жол қозғалысының қатысушыларын абай болуға шақырған игі шарада полицейлер жол апаттары мен оның алдын алу жолдары тізілген үнпарақтар таратты. Жүргізушілер темір тұлпарларына ақ таспа байлап жүрді. Сондай-ақ тәртіп сақшылары халықаралық жол апатында қаза болғандарды еске алу күнінде сағат он екіде барлық жүргізушілерді бір мезетте дыбыс сигналдарын қосуды сұрап, аспанға қара түсті шарларды жіберді.

 Жеңіс Ермұқанов