Жол картасы

«Жол картасы» жұмыссыздықты азайтты

 

 

 

 

Биыл «Жол картасы» бағдарламасы аяқталады. Бүгінгі күні бірқатар нысандардағы жұмыс бітуге тақау. Қайта даярлау курстарындағы сабақ та көп ұзамай тәмамдалады.  Бағдарламаның көздегені – қаржы дағдарысы кезінде жұмыссыздарды қолдау болатын. Статистика мамандарының есептері бойынша,  жетістіктер мол. Жұмыспен қамту органдарына келгендердің қатары екі есеге өскен. Олардың көпшілігі жұмыс тапты. Биыл жұмысты болғандар саны 2008 жылмен салыстырғанда екі есеге өскен.  

  Нина Васильева, СҚО статистика департаментінің бөлім бастығы:
 – Біз жүргізген сараптама арқылы жұмыссыздар қатарының тоқсан сайын азайғанын көруге болады.
Егер 2009 жылы 2 мың 400 жұмыссыз еңбекпен қамтылса, үстіміздегі жылдың үш айында бұл көрсеткіш 1 мың 800 адамға қысқарған. Жастар арасындағы жұмыссыздық 8,6 пайыздан 5,1 пайызға төмендеді.

«Жол картасы» бойынша 19 192 адам еңбекпен қамтылды. Бұл жылдары жұмысшы мамандықтар бойынша орын мол болды. 2009 жылы бағдарлама бойынша облыста 4,5 миллиард теңге игерілді. Ал биыл 5,4 миллиард теңге осы істі жалғастыруға бөлінді. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандары, мектептер, балабақшалар, ауруханалар мен емханалар, мәдениет ошақтары қалпына келтірілді. Ағымдағы жылы бұл тізімге мұрағаттардың ғимараттары да қосылды. Жұмыстың 53,5 пайызы күрделі жөндеу бойынша жүргізілді. Мердігерлікке негізінен кішкентай серіктестіктер жұмылдырылды. Яғни, «Жол картасының» кіші және орта бизнеске де пайдасы тиді. Енді бір жарым айда бағдарлама мерзімі аяқталады. Дегенмен еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының мамандары жұмыссыздық деңгейі бұрынғы межеге жетпейтінін айтады.

  Татьяна Токарева, Петропавл қалалық еңбекпен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының бөлім бастығы:

-Апта сайын «Жол картасы» бойынша жұмыстан босап жатқан адамдарды есептеп жатырмыз. 4 496 адамның 1 085 -сі уақытша еңбек еткен орындарында қалып қойды. Кәсіпорындар оларды тұрақты жұмыспен қамтамасыз етіп отыр. Әлеуметтік жұмыс орындары да жыл соңына дейін сақталады. Келесі жылдары «Бизнестің жол картасы» және жұмыспен қамту бағдарламалары жалғасады.

«Жол картасы» өзге де ұзақ мерзімді бағдарламалардың жүзеге асырылуына негіз болды.  Екі жылдың ішінде өңірде 23 қайта даярлау орталығында 40 мамандық бойынша курсттар жүрді. Курс тыңдаушыларының 82 пайызы жұмыс тапты. Аспаздар мен шаштараздар ауылдарда іске кірісті. Ал электрдәнекерлеушілер әлі де керек. Биыл курстан өткен 489 адам да бұл қажеттілікті толық өтей алмайды.

Әсем Сембина