Құқық қорғау органдары

Жеңгетай болған жігіттің жолы кесілді

Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының полицейлері жеңгетайлық кәсіптің жолын кесті. Полиция бөліміне Гоголь көшесінде орналасқан сауналардың бірінде жеңгетайлар жезөкшелерді сатады деген хабар түсіпті. Облыстық ІІД-нің жедел уәкілдері, «Арлан» арнайы мақсаттағы бөлімінің қызметкерлері істің мән-жайын білу мақсатында әрекет ете бастаған. Ақырында аталмыш ақпарат расталды. Жеңгетайлықпен айналысқан жігіт осы мекемеде күзетші болып жұмыс істейді екен. Бастапқыда 23 жастағы ер адам өзінің бұл іске қатысы жоқтығын айтып ақтала бастаған. Алайда өзінің заңсыз қызметі үшін алған ақшасына арнайы белгі қойылғанын көрсеткеннен кейін кінәсін мойындауға мәжбүр болды. Тергеу барысында ұсталған адам жезөкшені шақырғаны үшін мың теңге алғанын, ал қалған 7 мың теңге «түнгі көбелекке» төленетіні жайлы айтқан. Тағы осындай факті Мир көшесінің бойындағы ойын-сауық орындарының бірінде әшкереленді. Бұл жолы жеңгетайлық үшін 30 жастағы азаматша қолға түсті. Қазіргі уақытта ұсталғандардың үстінен қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуда. Ал жезөкшелікпен айналысқан бикештер тіркеуге алынды. Қазіргі таңда Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасында 14 жеңгетай мен 38 жезөкше тіркеуде тұр. «Стоп- трафик» шарасының тағы бір бағыты – адам саудасына қарсы тұру. Осыған орай полицейлер үкіметтік емес ұйымдармен бірлесіп, алдын алу іс шараларын жасауда. Тәртіп сақшылары «Әйелдерді қолдау орталығы» қоғамдық ұйымымен бірлесіп,  вокзалда акция өткізді. Мұнда зорлықтың және адам саудасының құрбаны болудан сақтануға арналған буклеттер таратылды.  

 Айдана Демесінова