Білім

Венгриядан жеңіспен оралды

 

Данара Шаймарданова Қожаберген жыраудың өмірі мен шығармашылығын зерттеуге оқушылық өмірінің 2 жылын арнапты. Өз халқының әдебиеті мен мәдениетіне көп қызығушылық танытатын ол есімі ғасырлар қойнауында қалып қоя жаздаған жыраудың өмірін зерттеуге кіріскені де тегін емес. Ғылыми жобасында Данара бабаның шығармашылығын таныстырып қана қоймай, оны жастарға үлгі ретінде ұсынған. Олимпиадада жерлесіміз әдебиет секциясы бойынша бірнеше елдің оқушыларына лайықты қарсылас бола білді.

  Данара Шаймарданова, қазақ-түрік лицейінің 11сынып оқушысы:
-Америка, Ресей, Словакия, Қытай сияқты мемлекеттер болды. Маған 10 минут уақыт берілді. Жеңіл болды деп те, қиын болды деп те айта алмаймын.

Әлемнің 11 елінен 300-дей ізденімпаз, талапты жастарды жинаған олимпиадаға Қазақстаннан 29 оқушы барған. Петропавлдан аттанған екі оқушының бірі – Владимир Коношонок тарих пәні бойынша жеңімпаз атанды.   

  Владимир Коношонок, қазақ-түрік лицейінің 11сынып оқушысы:
 -Мен осы жұмысқа бір жарым жыл бұрын кірістім. Бастаған соң өте қызығып кеттім. Себебі екі ел арасындағы дипломатиялық қарым-қатынас өте қызықты, әрі маңызды тақырып.

Владимирдің жұмысына арқау болған тақырып қазақ және венгер халықтарының тағдырластығы. Осы бөтен елдің тарихына терең беріліп кеткені сонша, ол ұлттық тестілеуде тапсыратын 5-ші пән  ретінде де дүние жүзі тарихы пәнін таңдап алыпты. Өзгелер үшін үлгі бола алатын бұл екі оқушының жеңісі ұстаздары үшін де зор мақтаныш.

  Айнагүл Сұрағанова,  қазақ-түрік лицейінің оқу ісі жөніндегі меңгерушісі:
 –  Біздің мектебіміздің бағыты жаратылыстану-математика болғанмен оқушылар әдебиет, тарих пәндерінен білімдерін дәлелдегендері үшін біз қуаныштымыз.

Кәусар Аяпбергенқызы