Әр түрлі

Таксилерге талап күшейтілді

 

 

 

 

Қалалық жол полициясы басқармасының алдында “ВЕГА-NORD” серіктестігінің қарамағындағы көлік нысандары қаз-қатар тізулі тұр. Бұл күнделікті жол сақшыларының жалпыға ортақ техникалық бақылауы емес. Такси паркінің жүргізушілері темір тұлпарларын қаншалықты жаңа талаптарға сай жабдықтағаны тексерілуде.

 Дулат Шарапиденов, Петропавл қалалық жолаушылар көлігі мен автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы:
 – Бүгінгі күні қалалық әкімдік жолаушыларды тасымалдау бойынша байқау өткізіп жатыр арнайы комиссиямен. Бұдан кейін таксишілер қалалық әкімдікпен келісім- шартқа отырады.

Енді жүргізуші жолаушыларды тасымалдау үшін көлік құжаттары, техникалық және медициналық рұқсат қағаздары мен такси шашкасына қоса ені 30 см,  ұзындығы 1 метрлік шахматты таспаларды жабыстырып жүруі тиіс. Арнайы ала белгі жұмыс соңында кедергі болмас үшін алып тастауға жеңіл магнитті болса да жарай береді. Және көліктің ішінде міндетті түрде фотосымен бірге жүргізуші жайында толық мәлімет жазылған карточка мен таксометр орнатылуы шарт. “ВЕГА-NORD” серіктестігінің директоры Виталий Стригнер қол астындағыларға үлгі көрсетіп, такси көлігінің рөлін айналдырып жүр. 15 жылдық еңбек өтілі бар тәжірибелі таксист жаңалықты қуана қабылдаған.

 Виталий Стригнер, “ВЕГА-NORD” ЖК директоры:
 – Бұның барлығы клиенттеріміздің игілігіне жасалып жатқан шаруалар. Таксометр жүріп өткен жолдың ақысын нақты көрсетеді. Енді қанша төлеу керектігі жөнінде сұрақ туындап, дау-дамай шықпайды. Ал   сыртындағы белгі арнайы фирманың такси көлігі екенін аңғартады. Такси жүргізушісі жайлы ақпаратты да көреді. Сол арқылы өз қауіпсіздігіне сенеді.

Жаңашылдықтарды енгізген  үш такси паркі бақылаудан мүдірмей өтті.  Өзге жолаушы тасымалдаушылар да жуық арада талаптарды орындап, тексерістен өтулері қажет. Өйтпегендері жауапқа тартылатын болады.

Жеңіс Ермұқанов