Балалар

Студенттік құрылыс жасақтарының жұмысы қорытындыланды

 

 

 

 

Биылғы еңбек маусымында облыс бойынша 3 480 студент жұмыспен қамтылған. Олардың көпшілігі ауылдарда еңбек етті. Құрылыс жасақтарының дені “Жол картасы” мемлекеттік бағдарламасы бойынша жөндеу жұмыстары жүріп жатқан ірі нысандарда тер төккен. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлердің құрылысына атсалысты.

  Жәнібек Әлкин, СҚО студенттік құрылыс жасақтары штабының жетекшісі:
 – Ботаникалық бақта, жаңа қалалық емханада, облыстық ауруханада, перинаталдық орталықта, Жуков көшесінде салынып жатқан 80 пәтерлі тұрғын үйде студенттік жасақтар еңбек етті.

Орташа жалақы – 26-28 мың теңгені құраған. Дегенмен, 35- 40 мың теңге тапқан жастар да баршылық.  Өткен жылдармен салыстырғанда биыл жазғы демалысты босқа өткізбей, еңбек еткісі келген студенттердің қатары қалың болыпты. Сөйтіп, олар уақытты тиімді пайдаланып, ақша табуды жөн көрген. Сонымен қатар, бұл тәжірибе жинақтау үшін де үлкен мүмкіндік. Ертең осы жерде үйренгені іске асуы әбден ықтимал.

  Диана Дүйсенбина,  М.Жұмабаев атындағы педагогика колледжінің студенті:
 -Облыстық ауруханада еңбек еттім. Жұмыс аса ауыр болған жоқ. Жалақы көңілден шықты. Мен бірінші рет студенттік құрылыс жасақтарында жұмыс істедім.  

Серік Бектұрғанов, СҚ кәсіптік-педагогикалық колледж студенті:
 – Осындай студенттік құрылыс жасақтарының болғаны жақсы.
Жастар жазғы демалысты тиімді өткізіп, тиын-тебен табады. Сондай-ақ пайдалы кәсіп меңгереміз. Бұл тәжірибе оқуды бітіріп, жұмысқа орналасқан кезде қажет болуы мүмкін.

Кезекті еңбек маусымының жабылуына орай өткізілген салтанатты шарада еңбекқорлығымен көзге түскен жастар марапатталды. 15 студент дипломдар мен сыйлықтарға ие болды.

 Айымгүл Әбілева