Қоғам

Қазақстан ОБСЕ-нің төрағасы ретінде көптеген маңызды шараларды ұйымдастырды

 

 

 

Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі – тәуелсіз еліміз үшін үлкен мәртебе. Қазақ елінің Азия аумағында тұрақты дамып келе жатқан мемлекет ретінде өзіндік орны бар. Енді Еуропадағы мәртебелі ұйымның тізгінін ұстау – еліміздің халықаралық қауымдастықтағы беделін жаңа сатыға көтермек. Сондықтан төрағалық аясында атқарылып жатқан іс-шараларға ел халқы айырықша назар аударып отыр. Солтүстікқазақстандықтар да бұл бағыттағы жаңалықтарды қалт жібермейді.

Максим Доценко, “Прозрение-Көз жету” қоғамдық бірлестігінің төрағасы, М.Қозыбаев атындағы СҚМУ оқытушысы:
-Қазақстан өзіне жүктелген міндетті табысты атқаруда. Жас мемлекетіміз ОБСЕ-нің төрағасы ретінде көптеген маңызды шараларды ұйымдастырды. БАҚ -тан тыңдап, оқып, төрағалық аясында қандай іс-шаралар қолға алынып жатқанын мұқият бақылап отырамыз. Біздің еліміз үшін бұл қадамның маңызы аса зор. Қазақстанның саяси-экономикалық дамуында үлкен серпіліс болары анық.

ЕҚЫҰ-на төрағалық – қазақ елі үшін әрі жоғары мерей, әрі асқан жауапкершілік. ОБСЕ саммитін өткізу арқылы Қазақстан осы ұйымға төрағалығын қорытындыламақ.  Соңғы саммит 1999 жылы Стамбул қаласында өткен болатын. 11 жылдық үзілістен кейін Қазақстан кезекті басқосуды өз жерінде ұйымдастыру туралы батыл шешім қабылдады. Желтоқсанның 1-2-сі  Елордада өтетін саяси маңызды шараға ЕҚЫҰ-на мүше елдердің басшылары, серіктес мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың өкілдері қатысады. Алдағы саммит әлемдік деңгейдегі тарихи оқиға болатыны айқын. Және ол, сөз жоқ, қазақ елінің келешектегі дамуының жаңа кезеңі болмақ.

Айымгүл Әбілева