Мәдениет

Қуыршақ театрының бескөлдік бүлдіршіндерге тартуы

 

 

Ниф-ниф, наф-наф және нуф-нуф есімді кейіпкерлер бүлдіршіндерге ертегі кітаптарынан  жақсы таныс. Енді  жасөспірімдер ағайынды үш торайды сахна төрінен көру мүмкіндігіне ие болып отыр.  

  Оксана Агай, Новокаменка орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары:
 – Біз үшін мұндай шақыру тосын сый болды.
Осындай шараларға жиі шыға бермейміз. Сондықтан балалар спектакль көруге барамыз дегенде қатты қуанды.

 Облыстық қуыршақ театрының гастрольдік спектаклін алғашқылардың бірі болып Соколовкадағы түзету мектеп-интернаты мен Новокаменка селосындағы орта мектеп шәкірттері тамашалады.
Достыққа, қайырымдылық пен адамгершілікке баулитын қойылым  ағайынды болса да, мінездері түрліше торайлардың өмірі туралы. Мәселен, ниф-ниф  – өте әзілқой кейіпкер. Ортаншысы – еріншек, барлығына тым жеңіл-желпі қарайды. Ал кенжесі бауырларымен салыстырғанда парасат-пайымының тереңдігімен ерекшеленеді. Спектакль мазмұны бойынша үш торай қасқырдан қашады. Ертегінің соңында наф-нафтың тастан тұрғызған баспанасы оларға пана болып, ағайындылар ажал аузынан аман қалады. Оқиғаның сәтті аяқталуы бүлдіршіндердің көңілінен шықты.  Балаларға арналған мұндай қайырымдылық шарасын әлеуметтік қорғау бөлімінің  қызметкерлері ұйымдастырған.

  Бағдат Байғұнақова,  Қызылжар ауданы бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға үйде әлеуметтік көмек көрсету бөлімшесінің меңгерушісі:
 – Қойылымды тамашалау үшін Қызылжар ауданының барлық елді мекендерінен бүлдіршіндерді шақырдық.
Мүмкіндігі шектеулі балғындар өз бетінше қыдыра алмайды. Сондықтан олардың басын қосып, бір жерде спектакль қоюды жөн санадық. Балдырғандардың қойылымнан жақсы әсер алғандары жүздерінен анық байқалды.

Гүлден Сәрсенбаева