Мәдениет

“Le-Pota” арт-студиясының көрмесі

 

 

 

 

 

Шебер қыздың қолөнердегі кәсіби жолы М.Қозыбаев атындағы СҚМУ-дың дизайн бөлімін бітіргеннен кейін басталған. Содан бері  еңбекқор жан сурет салу мен қолданбалы қолөнердің тылсым сырын тануға әуес.

  Анна Бондаренко,  “Le-Pota” арт-студиясының жетекшісі:
 -Мен өз бұйымдарымды жақсы көңіл-күймен жасауға тырысамын.
Тек сонда ғана осындай әсем заттар шығады. Менің студиямда 10-нан астам оқушы тәлім алады.

Бүгінгі таңда Анна Бондаренко өзінің “Le-Pota” арт-студиясында шығармашылыққа әуес ересектер мен балаларға сабақ береді. Көрмеге қойылған заттардың көбі сол шәкірттер жасаған дүниелер. Жұмысқа қазіргі заманғы технологиялар қолданылады. Мысалы, көрмеге қойылған сағаттар фьюзинг тәсілімен жасалған. Қарапайым тілмен айтқанда, әйнекті балқыту арқылы құйылған. Осындай әсем дүниелерді көрмеден  жиі кездестіруге болады. Вера Вюниченко – Аннаның ең ересек шәкірті. Ол керамикамен көп жұмыс істейтін көрінеді.

  Вера Вюниченко:
 – Мен көбіне сазбен жұмыс істеймін. Оны күйдіру арқылы керамика бұйымдар жасаймын. Мына балықтар сондай тәсілдің арқасында өмірге келген туындылар.

Михаил Бондаренконың айтуынша,  қызы Аннаның   сурет салуға деген әуестігі жеті жасында басталған. Қолына қалам тие қалса, барлық есік-қабырғаға сурет салатын қызының суретші болатынын Михаил Семенович сол кезден-ақ аңғарыпты.

  Михаил Бондаренко:
 – Басында қызымды сурет салу үйірмесіне апару үшін көп қиналатынбыз. Кей кездері жылап барғысы келмейтін. Кейін өзі қызығушылық танытып, өнерін кәсіби деңгейде шыңдай бастады.

Көрмеден соң мұражай қонақтары арасында сыйлық ұтысы ұйымдастырылды. Өнер сүйер қауым әр түрлі естелік сый-кәделер мен қолданбалы қолөнерден тегін сабақ алуға арналған сертификаттарға ие болды.

Гүлден Сәрсенбаева