Билік

Елімізде мемлекеттік қызмет саласы жетілдірілуде

  

 

 

 

Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің қатары сиреп қалды. Қарашаның бірінде республика бойынша  мемлекеттік қызметте жүрген 26 мың адам қысқартылды. Осы орайда  орнын сақтап қалған қызметшілерден жұмыс сапасын жақсарту талап етіледі.

  Тілеген Қаскин, ҚР мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттігінің СҚО басқармасының бастығы:
-Мемлекеттік қызметті жетілдіру үрдісі үздіксіз жүргізіліп келеді. Елбасы Қазақстан халқына арналған жыл сайынғы Жолдауында да, 2020 жылға дейінгі даму стратегиясында да мемлекеттік қызметшілердің алдына нақты міндеттер мен тапсырмалар қойды. Осы орайда  мемлекеттік қызметті жетілдіру концепциясының жобасы әзірленді. Онда байқаулар  өткізу, мемлекеттік қызметшілерді аттестациялау қарастырылған.

Мемлекеттік қызметті жетілдіру концепциясында кадрлар бөлімдері жетекшілеріне зор міндет жүктелген.  Сондықтан  бүгінгі семинар аудандар  және қала әкімі аппараттарында мемлекеттік қызметшілердің тізімін жүргізетін мамандарға арналды. Облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарма мамандарының айтары көп. Мысал үшін, мемлекеттік қызметке алу тәртібі өзгеріп отыр. Алайда жаңашылдық әзірше  Ақмола мен Шығыс Қазақстан облыстарында жүзеге асуда. Енді  бұл өңірлердің тұрғындары мемлекеттік қызметші атану үшін заңдар мен қазақ тілінен тест тапсырып қана қоймай, өзінің жан-жақты екенін де дәлелдеуі тиіс. Басқарма бастығының орынбасары Светлана Зайцева тестілеуде қарастырылған 515 сұрақтың еш қиындығы жоқтығын айтады. Мемлекеттік қызметші өзінің кәсіби және жеке қасиеттерін тексеріп үлгерген екен. Арнайы сұрақтар болашақ жұмысшының коммуникативтілігін де, қиын жағдайларға төтеп беруін де, өз ісіне адалдығын да дәл анықтап бермек. Нәтижесінде  мемлекеттік қызметке тек өз ісінің қас шеберлері,  жаңа формациядағы менеджерлер  келмек.

Зина Байғаскина, облыстық мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқарманың бөлім бастығы:
Біздің міндетіміз – аудан және қала әкімі аппаратының қызметкерлеріне жаңа есептеме түрі енгізілгені туралы, оның мақсаты мен мәліметтерді толтыру тәртібін түсіндіру. Өйткені  кейін  бұл ақпараттың барлығы біздің басқармада тоғысып, сарапталған соң, Президент әкімшілігіне, агенттікке жолданады. Сол кезде жер-жердегі мемлекеттік қызметтің жағдайы, болашағы нақты айқындалады. Сондай-ақ  қызметшілердің білімі, тәжірибесі, олардың өзге қызметтерге ауысуы барлығы белгілі болады.
 

Кадрлар бөлімі көп ұзамай дәрістен нақты іске көшпек. Болашақта жаңа есеп түрін тоқсан сайын жасауға тура келеді. Жаңашылықтың қаншалықты нәтижелі болғанын уақыт көрсетеді. Ал мемлекеттік қызмет істері жөніндегі басқармадағылар өңірдегі ахуалдың жақсарып келе жатқанын  айтады. Мысалы, жоғары білімді қызметшілердің саны 72 пайыздан 75-ке жеткен. Ғылыми дәрежесі бар мамандардың қатары да  артып келеді.

 Гүлмира Шоқтыбаева