Әр түрлі

Құтқарушылардың оқу-жаттығуы

  

 

 

 

 

Құтқарушы Владимир Семигулин әріптестерімен аптасына екі мәрте аквалангтарды тексеріп, су астына түседі.  Оқыс жағдай тіркеліп, төтенше оқиға бола  қалса, олар сақадай сай. Құтқарушылар қажетті жабдықпен толық қамтылған. Владимир бұл жолы батып кеткен адамның денесін судың астынан алып шығу үшін сүңгіді. Ол суға жалғыз түскенімен,  бұл командалық жұмыс.  6 жылдық тәжірибесі бар сүңгуірші мен оның қауіпсіздігін қадағалап белгі беріп байланысатын құтқарушылар тобы  тапсырманы мүлтіксіз орындап шықты.

  Владимир Семигулин, құтқарушы:
Солтүстіктің көлдері мен өзендері таза емес. Су лай болғандықтан, түк көрінбейді, қиындығы осында. Бұл өте қауіпті жұмыс. Біздің құтқарушылар өз істерін біледі. Суық суға сүңгитін 14 костюміміз бар.

Қазір облыс су көздерінде 30-дан  астам құтқарушы қызмет етеді. Оның тең жартысы сүңгуіршілер. 27 шағын су көлігінің 8-і моторлы қайық. Құтқарушылардың  біліктіліктерін арттыру үшін әрдайым оқу-жаттығу жұмыстары өткізіледі. Осының арқасында биылдың өзінде 100-ден астам адам ажал аузынан аман қалды. Десе де сақтық шараларын ұмытқандардың 49-н құтқару мүмкін болмапты. Олардың  көбі суға белгіленбеген жерлерде,  мас күйінде түскендер екен. Ендігі қаупі мол мерзім  –  судың беті қатқан кезі. Температураның күрт төмендеуінен мұз арасында ауа қуыстары пайда болып, ол беріктігінен айрылады. Кез- келген салмақ түсе қалса, морт сынып кетуі мүмкін.

  Антон Коптяев, СҚО бойынша төтенше жағдайлар департаментінің суда құтқару қызметі бастығының міндетін атқарушы:
Барлығын бақылауда ұстап тұруға мүмкіндік жоқ. Сол себепті сақтансаң сақтаймын демекші, әрбір адам өз өмірі мен айналасындағыларға жауапкершілікпен қарап, абай болғандары жөн. Бұл әсіресе балықшыларға қатысты.

Балықшылар осының бәрін түсіне отыра, сүйікті істерінен жылдың қай мезгілі болсын, айрылғысы келмейді. Олардың әуестігіне тұсау қойылмайды,  алайда міндетті түрде құтқару костюмінде болулары керек. Егер де қайықпен жүземін десе, су көлігі инспекцияның тексеруінен өтіп, тіркелгені жөн.

Жеңіс Ермұқанов