Спорт

Азиада алауының эстафетасына әзірлік



 

Абылайхан резиденциясы  – 7-ші қысқы Азия  ойындарына арналған алау эстафетасының бас нүктесі. Қаңтардың 21-і осы алаңда алау жағылып, оны алып жүруге  жауапты 60 адам қаланың ең маңызды деген жерлерін аралайды.

  Серік Жарасбаев,  туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы спорттық оқу бөлімінің бастығы:
 – Алау эстафетасы күні барлық маңызды жерлер Азия  ойындарының стилистикасы бойынша безендірілмек. Барлық баннерлерге плакаттар ілінеді.  Алау көтерген колонна қала орталығымен жүріп өтеді.

Алау көтерушілермен бірге көлік  колоннасы жүреді. Олардың құрамына жедел жәрдем және техникалық көмек көрсетуші машиналар кіреді. Эстафета екі кезеңде өтуі тиіс. Алғашқы айналым күндізгі сағат 12-де басталады. Ол Абай және Пушкинге орнатылған ескерткіштің алдында аяқталмақ. Кейін сағат үште спорттық шара әрі қарай жалғасып, колонна ат басын «Қарасай» стадионына тірейді. Онда  конькишілер мен шаңғышылар өнер көрсетеді.  

  Серік Жарасбаев, туризм, дене тәрбиесі және спорт басқармасы спорттық оқу бөлімінің бастығы:
 – Жалпы «Қарасайда» үш нөмір ұсынылмақ. Оның ішінде шаңғышылар мен конькишілер міндетті түрде өнер көрсетеді деп шештік. Ал үшіншісі әзірге құпия.

Қазақстан тарихындағы елеулі оқиға күні алау көтеруші топ ақ форма киіп шығады. Оларды кеудесіндегі Азия  ойындарының логотипі мен арқаларындағы «Алау эстафетасы» деген жазудан тануға болады. 7-ші  қысқы Азия ойындарының алау эстафетасы Н.Погодин атындағы орыс драма театрында аяқталады. Салтанатты шара үлкен концертпен жалғасады. Ал от эстафетасы Көкшетау облысына табыс етіледі.

 

Гүлден Сәрсенбаева