Денсаулық сақтау

Жергілікті хирургтар қорғандық әріптестерімен тәжірибе алмасуда

 
 

 

 

Тайынша ауданы Чкалов ауылының тұрғыны Азина Мұқашеваға қарашаның тоғызы ота жасалыпты. Кезінде жамбас буынынан алған жарақат соңғы жылдары қатты мазалайтын болған. Енді міне сәті түсіп, Қорғаннан келген дәрігер-эндопротезист Александр Максимов операция жасаған. Қазір емделушінің жағдайы жақсы.

  Азина Мұқашева,  емделуші:
 – Опреция жеңіл өтті. Қазір жақсымын. Дәрігерлерге көп рақмет.

Қорған қаласындағы академик Илизаров атындағы травматология және ортопедия ғылыми орталығының дәрігерлері біздің қаламызға алғаш рет келіп отырған жоқ. Олар ондаған жерлестерімізге буынды эндопротездеу операциясын жасап үлгерді. Осы жолы ресейлік дәрігер сегіз адамға ота жасаған.

Александр Максимов
,  Г.А.Илизаров атындағы «Қалпына келтiру травматологиясы мен ортопедиясы» Ресей ғылыми орталығының дәрігер-эндопротезисі:
Ғылыми орталықта бұндай оталарды біз күнде жасаймыз. Петропавлға мен екінші рет келіп тұрмын. Әріптестеріммен бұл жолы сегіз операция жасалды. Екіжақты ынтымақтастық аясында әлі де жемісті еңбек етеміз деген сенімдемін.

Бұндай тәжірибе алмасу үшінші қалалық аурухананың ортопед-дәрігерлері үшін аса қажет. Өткен жылдан аталған емдеу мекемесінде жамбас буынын протездеу оталары жасалады.

 Михаил Харламенко,  № 3 қалалық аурухананың травматология бөлімшесінің меңгерушісі:
Алғашында екі операцияны Астана қаласындағы травматология мен ортопедия ғылыми орталығының мамандарымен бірлесіп жасадық. Енді қазір цементсіз протездер қоямыз. Бұндай протездер көп ретте жастарға қарастырылған. Бүгінгі таңда протездер сапасы жоғары материалдан әзірленеді. Яғни адамдардың операциядан соң толыққанды өмір сүрулеріне мүмкіндік мол.

Қорғандық дәрігерлер буынды протездеу бойынша шеберлік сыныптарын ресей ғылыми орталығы мен емдеу мекемесі арасындағы екіжақты ынтымақтастық аясында өткізіп отыр. Мұндай отаны облыс бойынша тек үшінші қалалық аурухананың дәрігерлері ғана жасайды. Және бұл қызмет тегін.

Айымгүл Әбілева