Билік

Облыс әкімінің Жамбыл ауданына жұмыс сапары

 

 

Нысанды қалпына келтіру 2009 жылы басталған. Бұл мақсатқа мемлекеттік “Жол картасы” бағдарламасының аясында 180 млн теңге жұмсалды. Нысан басында болған өңір басшысы Серік Біләлов жөндеу жұмыстарының қарқынымен танысты. Негізгі жұмыстар 30 пайызға атқарылған. Екі жылдың ішінде 54 млн теңге игеріліп, ресейлік құрылғылар, Германиядан жеткізілген сорғылар орнатылыпты. Құрылысшылар осы күні станцияны іске қосқан. Облыс әкімі тұрғын үйлерге су жіберу тәртібімен танысты. Қазіргі уақытта станса аудан орталығы тұрғындарының барлығын тіршілік көзімен қамтамасыз етіп отыр. Алайда әлі күнге шешілмеген мәселелер баршылық.  Мәселен, санитарлық аймақты жабдықтау үшін 10 млн теңгедей қаржы қажет екен. Келесі жылы қаражат бөлу үшін смета жасау тапсырылды. Нысанды 2011 жылы толығымен іске қосу жоспарланған. Ауданда жалдамалы-коммуналдық баспана мәселесі де кезең-кезеңімен шешілуде. Облыс әкімі Пресновкадағы 18 пәтерлі үйдің құрылысымен танысты. Баспана республикалық бюджеттен бөлінген қаражатқа тұрғызылуда.
Преснов орта мектебінің жанындағы 2-ші интернатта «Жол картасы» аясында жөндеу жүргізілген. Нысанның шатыры жөнделіп, терезелері ауыстырылыпты. Жылу жүйесі де қалпына келтірілді. Интернатқа ат басын бұрған облыс әкімі атқарылған жұмысқа жоғары баға берді. Ендігі міндет – жиһазды жаңарту. Бағдарлама шеңберінде жөндеу жұмыстары «Айнагүл» балабақшасында да жүргізілген. 320 балаға шақталған мекемеде бүгінгі таңда 300 бөбек тәрбие алуда. Облыс әкімі балабақша ұжымына музыкалық орталықты сыйға тартты. Серік Біләлов Қазан селолық округындағы қалпына келтірілген мәдениет үйінде де болды. Сәуір айынан басталған жөндеу жұмыстары қазіргі таңда толығымен аяқталған.

Серік Біләлов, СҚО әкімі:
Нысанды іске қосу үшін бюджеттен 25 млн теңге бөлінді. Қайта қатарға қосылған орталық аудандағы мәдениеттің дамуына өз үлесін қосады деген ойдамыз.

Нысанның ашылуына орай мәдениет үйінің шығармашылық топтары өз өнерлерін паш етті.

 Гүлмира Шоқтыбаева