Әр түрлі

Бүгін – қаржы саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі

  

 

Осыдан 17 жыл бұрын енгізілген қазақтың төл теңгесі уақыт тезінен өтіп, тәуелсіз елдің ұлтттық валютасы ретінде танылды. Күрделі кезеңдерді өткеріп, әлемдік қаржы дағдарысында бекем тұрып, тұрақтылығын сақтай алды. Төл теңге енгізілген күні қаржыгерлер кезекті рет теңге маңындағы ахуалды таразылады.
Теңге енгізілген күн  елімізде банк саласы қызметкерлерінің кәсіби мерекесі саналады. Сондықтан бұл күні еліміздің экономикасының дамуына үлес қосып жүрген мамандар қошеметке бөленеді.

  Фархад Қуанғанов, СҚО әкімінің орынбасары:

– СҚО әкімінің атынан сіздерді мерекемен құттықтаймын. Денсаулық, табыс тілеймін.

Фархад Қуанханов біздің өңірде ғана қолға алынған “Ұрпақ қоры” бағдарламасын енгізудегі банк қызметкерлерінің үлесін ерекше атап отыр. Облыста банк саласында 1 290 адам еңбек етеді.
Кәсіби мереке күні үздік банк қызметкерлері анықталады. Биыл жоғары марапатқа Ұлттық банк филиалының қызметкері Татьяна Сергеева ие болды. 24 жылдан аса банк жүйесінде еңбек ететін Татьяна Александровна төл теңгенің 17 жылы оңай өтпегендігін айтады. Сондықтан қаржыгер әр уақытта ізденісте болуы керек.

  Татьяна Сергеева,  “ҚР Ұлттық банкі” ММ СҚОФ бөлім бастығының орынбасары:

– Қаржы қызметкері үйренуден жалықпауы керек. Өйткені экономика бір орында тұрмайды. Сондықтан әрқашан біліктілікті, шеберлікті арттыру керек.

Облыстағы өзге де банктердің қызметкерлері кәсіби мереке күні облыс, қала әкімінің, Ұлттық банк филиалы директорының грамоталарымен, алғыс хаттарымен марапатталды.

  Райхан Мұхамедғалиева, “Казком” банкі СҚОФ қызмет көрсету бөлімінің бастығы:

-Банктер дамып келеді, кредиттер беріліп жатыр, заңды тұлғалар қатары көбейді.

Яғни еліміздегі банктер әлемдік дағдарысты да сәтті өткерді. Ендігісі теңгеміздің тұрақтылығын сақтау, банктердегі несие, депозит портфелін көбейту.

Әсем Сембина