ТКШ

Арнайы топ жөндеу жұмыстарынан кейінгі көше кейпін қадағалайды

 

 

 

 

Қала бойынша құбыр жаңарту жұмыстары  қарқынды  жүргізілуде. Десек те жөндеуден кейін жолды қалпына келтіру ісі артта қалып тұр. Мир мен Челюскин көшелерінің қиылысында 2 жер үй жаңадан бой көтерген. Баспана иелері су құбырын тарту үшін тұрғын үй -коммуналдық шаруашылығынан рұқсат  сұраған. Өтініштері орындалысымен жаңа үйге қоныс тебушілер, өкінішке қарай,  өз міндеттемелерін орындауды ұмытып кеткен сыңайлы. Шарт бойынша үйіне құбыр тартушы әр азамат қазған жерін қайта қалпына келтіруі тиіс. Ал жаңа көршілер  бұл талапқа құлақ асар емес.

  Антон Макаров, қала әкімінің орынбасары:
Олар су құбырын өткізіп алып, қазылған жерлерді қалпына келтірмегендері үшін жауапқа тартылады. бар гәп “Петропавл су ” АҚ өзінде. Ондағы қызметкерлер су берер алдында техникалық талаптардың қаншалықты талапқа сай орындалғанын қарап алуы керек еді.

Қаланы көріктендіру заңының 387- бабын бұзғандары үшін бұл азаматтар жауапсыз қалмайды. Оларға 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады.

  Боташ Хайнетов, қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы бөлімінің бастығы:
 – Бұл учаскеге 5-ші қарашаға дейін уақыт берілген еді. Құбырды тартуын тартқан, ал жөндеу жұмысына қатысты ештеңе де тындырмапты.

Қала бойынша белең алған мұндай оқиғаларға кінәлілердің арасында «Петропавл су» кәсіпорнының  қызметкерлері де бар. Жұма күні Ульянов көшесі, 57 мекенжайында диаметрі 300 мм құбыр жарылған екен. «Петропавл су»  мамандары оқиға орнына уақытылы жеткен. Ағып жатқан суды тоқтатқанымен, қазылған жердің топырағын жаппаған. Онысымен қоймай, шұңқыр жерге қоршау да орнатпапты. Қазір апат орнында емін-еркін жүру мүмкін емес.

  Антон Макаров, қала әкімінің орынбасары:
 – Менің ескерткім келетіні, мұндай жағдай т. б. тұрғын үйлерде қайталанатын болса, міндетті түрде “109”-ға хабарласын. Маман өзінің тракторын жөндеу орнында қалдырып кеткен. Шұғыл істі аяқсыз қалдырған. «Казгидромет» қызметкерлері бейсенбі күні қар түседі деп отыр. Бұл сұмдық емес пе?

Жамбыл мен Ғ.Мүсірепов,  М.Жұмабаев пен Интернационал көшелерінің қиылысы да дәл осындай жағдайда.  Әсіресе қынжылтатыны – Мағжан Жұмабаев көшесінің ажарынан айырылып тұрғаны.

  Антон Макаров, қала әкімінің орынбасары:
 – Осы көшеде кәріздерді жөндеуге қатысты ұйымдастырылған байқауды «Рустем» ЖШС компаниясы жеңген еді. Ал енді оларға сеніп тапсырылған жолға қараңыздар. Барлық жасыл желек қопарылып қалды. Жол жиектері қазылған. Тас жол біртіндеп сынуда.

Өткен жылы да бұл серіктестіктің түзегенінен гөрі бұзғаны көп болған еді. Енді сапасыз жұмыспен көзге түскен компаниялармен күресу қажет болып отыр.

  Антон Макаров,  қала әкімінің орынбасары:
 –  Біздің мобильдік топқа қалалық ІІБ қызметкерлері, тұрғын үйкоммуналдық шаруашылығының өкілдері, санитарлық эпидемиологиялық станция жұмысшылары тартылған. Мақсатымыз  –  жұмыс сапасын бақылау. Ал олқылықтарды анықтаған жағдайда айыппұл салып отырамыз. Жалпы қалада белгіленбеген жерге гараж қою, құбыр өткізілген жерді қалпына келтірмеу сияқты заң бұзушылықтар  кең етек жаюда.

Мобильдік топ өкілдері осындай жөндеу жұмыстарын қолға алған өзге де серіктестіктермен кездесетін болады.

Гүлден Сәрсенбаева