Құқық қорғау органдары

Заңсыз өнім жойылды



 

 

Контрафактілік өнімді жоюға бағытталған бұндай акция жыл басынан бері төртінші рет өткізіліп отыр. Жарамдылық мерзімі өтіп кеткен және рұқсат қағаздарынсыз тұтынушыларға ұсынылған тауар облыс орталығындағы сауда нүктелерінен тәркіленген. Бұл өніммен қатар трактордың шынжыр табанының астына контрафактілік DVD дискілер де түсті. Олар Петропавлдағы базарлардың бірінде табылған. Заңсыз кәсіппен айналысқан азаматтардан лицензиясы жоқ тауарды тәркілеу операциясын қалалық прокуратура мамандары әділет департаментінің қызметкерлерімен бірлесе жүргізген.

Олжас Жанаділов, Петропавл қаласы прокурорының көмекшісі:
-Аталған факті бойынша әкімшілік іс қозғалды. Сот шешімімен азаматшаға айыппұл салынды. Ал контрафактілік дискілер бүгін жойылып жатыр.

Заңсыз өнімді жою шарасы республикалық “Контрафакт” акциясы аясында өткізілді. Бұл шара зияткерлік жеке меншікті қорғау заңнамасын бұзудың жолын кесу мақсатында ҚР Әділет министрлігінің бастамасымен қолға алынған.

Айдар Қасенов,  СҚО әділет департаменті бөлімінің бастығы:
-Аталмыш шара зияткерлік жеке меншікті қорғау саласындағы заңнаманы түсіндіруге бағытталған. Акция аясында көптеген шаралар жоспарланған. Контрафактілік өнімді жойып, ашық есік күнін өткізу көзделіп отыр.

Осы жолы қатты қалдықтар полигонында 300 литрден астам алкоголь өнімі мен  лицензиясы жоқ 300дискі жойылды.

Айымгүл Әбілева