Билік

Сыбайлас жемқорлыққа қарсы форум

 

 

 

 

Сыбайлас жемқорлықпен күрес –  “Нұр Отан” ХДП-на  Елбасы жүктеген басты міндеттердің бірі. 2008 жылы елімізде сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бағдарламасы қабылданған. Өңірлік форумда осы бағдарламаның орындалу барысы қаралды. Облыста еліміздің бас партиясының жанынан 15 сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес қоғамдық кеңесі жұмыс жүргізеді. Бұл кеңестерге бір мыңнан аса адам өз арыз-өтініштерімен келген. Облыста жүргізілген жұмыстарға қарамастан сыбайлас жемқорлыққа жол бергендер қатарының өскені байқалады.
 

Серік Біләлов, Солтүстік Қазақстан облысының әкімі:

 – Өкінішке қарай жыл басынан бері 75 сыбайлас жемқорлық фактісі тіркелген. Өткен жылы 67 еді. Жемқорлыққа жол беретіндердің көпшілігі мемлекеттік қызметшілер. Егер өткен жылы сыбайлас жемқорлыққа қатысты 259 адам жауапкершілікке тартылса, үстіміздегі жылдың он айында ғана 190 адам тіркелді. Оның ішінде 65 адам жергілікті атқарушы орган өкілдері болса, 13-і ауылдық әкімдер.


Партияның облыстық филиалының төрағасы, облыс әкімі Серік Біләлов алдағы уақытта жемқорлықтың алдын алу үшін атқарылар жұмыстың ауқымды екендігін айтты. Елбасы тапсырмасымен “Жол картасы”, үдемелі индустриялық- инновациялық даму бағдарламалары сияқты ауқымды жобалардың жүзеге асырылуын қадағалау-  партияның міндеті. Бір ғана мысал, Аққайың ауданындағы “Таза ауыз су” бағдарламасы бойынша салынған су мұнарасы құлап қалған. Мұндай құрылысты бақылауға партия  ұйымдары кірісуі керек. Ал саяси ұйымның бақылау комиссиясына алдағы уақытта облыстық мәслихаттың депутаты Әлім Шүкенов басшылық ететін болады.
Партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Алмолдиннің айтуы бойынша, соңғы кезде филиалда өткізілетін қоғамдық қабылдауларға қатысатындар қатары артқан. Тіпті, мәселелердің шешілуіне, партия филиалының ғимараты да көмегін тигізіп жатса керек.

Серік Алмолдин, “Нұр Отан” ХДП СҚО филиалы жанындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша қоғамдық кеңес төрағасы:

-Азаматтар мемлекеттік және құқықтық орган басшыларына еркін кіре алатын болды. Сонымен қатар, өздерінің жұмыс орындарынан гөрі партияның филиалына келіп, қоғамдық қабылдау өткізетіндер қатары көбейді. “Нұр Отан” филиалындағы жағдайдың өзі өтініш айтып келген азаматтарға көмектесетіндей. Яғни, тұрғындар өз мәселелерінің көп ұзамай шешілетіндігіне сенеді.

Заңғы қайшы әрекет еткендер, қызмет бабын асыра пайдаланғандар, пара берген, не алған мемлекеттік қызметшілердің көбейгенін облыс прокуроры Асқар Досекенов те нақтылайды. Олардың біразы жазаларын өткеруде, сондықтан аты-жөндері де жария етілді.

  Асқар Досекенов, СҚО прокуроры:

-Қоршаған ортаны қорғау департаментінің бастығы Оразалинов, Айыртау ауданының бұрынғы әкімі  Төлегенов, Уәлиханов аумақтық инспекциясының бастығы Исембаев, Мамлют аудандық мәслихатының хатшысы Нұртаев сияқты біраз азаматтар бойынша сот үкімі шықты.

Бұл бағытта атқарылып жатқан ауқымды істер туралы құқық қорғау және атқарушы органдар өкілдері баяндады. Ал форум жұмысына қатысқан партияның сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі Михаил Трошихин солтүстікқазақстандықтарға заң бұзушыларды азайту жұмысында сәттілік тіледі. Ал бұл шаруаны әр адам өзінен бастауы керек.

Михаил Трошихин, “Нұр Отан” ХДП сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес бойынша республикалық қоғамдық кеңесінің мүшесі:

-Партияның жоспарында мемлекеттік қызметшілердің  табыстары мен мүлкі туралы ақпаратты БАҚ арқылы жариялауды жалғастыру бар. Бұл жұмыс біздің облыста жақсы атқарылды. Солтүстік Қазақстан облысынан 146 басшы табыс пен мүлкі туралы жария еткен. Бұл үлкен іс.

Форумға қатысушылар солтүстікқазақстандықтарға үндеу қабылдап, облыс тұрғындарын 2011-2020 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлықпен күрес бағдарламасын қолдауға , бұл бағытта бірлесе жұмыс атқаруға шақырды. Ал әлеуметтік  дертпен күресуде белсенділік танытқандар “Нұр Отан” партиясының құрмет грамоталарымен , алғыс хаттарымен марапатталды. Ал облыстық филиалдың сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша қоғамдық кеңесінің төрағасы Серік Алмолдин “Белсенді қызметі үшін ” кеуде белгісінің иегері атанды. Форумға жиналғандар “Сыбайлас жемқорлыққа жол жоқ” деп, қылмыскерді аямауға, жемқорды аластауға келісіп тарасты.

 Әсем Сембина