Қоғам

Шоқан мерейтойы Сырымбетте жалғасты

   

 

 

 

 

Орта жүздің ханы Уәлидің жесірі, отыз жылға жуық үлкен округті басқарған, бірнеше тілді жетік білген, дипломатиялық қабілеті жоғары Айғаным 1 Александр патшаның құрметіне де болған. 1824 жылы Сырымбетте тұрғызылған Айғаным қонысы орыс патшасының жарлығымен салынған. Осы қыстауда Шоқан әже тәрбиесін көрді. Тіпті соңғы кезде ғалымдар Уәлиханов Сырымбетте дүниеге келді дегенді де жиі айтады. Ұлы Шоқанның 175 жылдығына жиналған қауым қыстауды көріп, Шоқан ескерткішіне гүл шоқтарын қойды. Шоқан мұражайында бұл күндері жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.Солтүстік Қазақстан жеріне келген қонақтар Шоқандай ұлы тұлғаны тәрбиелеген Сырымбет топырағын басудың маңыздылығын ерекше атайды.

Қайырбай Чуманов,  “Шоқан жолы” қоғамдық қозғалысының мүшесі:

Үлкен бабамыз 6 жыл оқыды Омбының кадет корпусында. Қайда өскенін білуіміз керек. Сондықтан Қазақстанға келдік. Балалар біліп өсуі керек Шоқан жолын.


Бұл сапардан кейін де тарих беттерінде Шоқан жайлы жаңа ойлар жазылатындығына күмән жоқ.

 Клара Хафизова, “Қайнар” университетінің Қазақстан тарихы және өркендеу орталығының директоры:

-Тарихшылар қағаз бойынша ғана тарихты жазбаулары керек. Олар сол адамның жүріп өткен жерін көруі керек. Мүмкін осы жермен Шоқан өтті деген сезімнің өзі қандай керемет.

Ал Шоқан жайындағы әңгіме кейін аудандық мәдениет үйінде жалғасты. Шоқан мұрасын сақтау, кейінгі ұрпаққа таныстыру жолында атқарылып жатқан жұмыстар жайында айтылды. Шоқанның ғылым мен әдебиеттегі орны жайында ой қозғалды.

  Серік Біләлов, СҚО әкімі:

–  Ол тек қазақ халқының ғана емес, бүкіл түркі халықтарының тарихын, әдебиетін зерттеуге атсалысты. Оның өмірі мен адами қасиеті ұрпаққа әрқашан үлгі.

Шоқан даралығымыен, даналығымен ұрпақ есінде қалмақ. Оның өмірі ғалымға да, оқушыға да, суретшіге де, сарбазға да үлгі.

  Арман Сардар, ІІМ курсанты:

-Біз курсанттар, қазақтың офицерлер шоғырын бастаған Шоқанның ізбасарларымыз. Ел қорғаны офицерлердің міндеті – елге аянбай қызмет ету, Қазақстанның қорғанысын қамтамасыз ету.

Ақын Кәкімбек Салықов Шоқанға жаратқан осынша дарынды жөргектен орап бергендей дейді. Аз тұрып, көп атқарған ұлының өмірі әрқашан жерлестер есінде.
Шоқан Уәлихановтың 175 жылдығына арналған мерекелік шара облыстық филармония мен Айыртау ауданы шығармашылық ұжымдарының концертіне ұласты.

Әсем Рахметова