Білім

“Балапан” бағдарламасы



 

Елбасының биылғы Жолдауында басым бағыттардың бірі ретінде айқындалған «Балапан» бағдарламасы табысты жүзеге асырылып жатыр. 10 ай ішінде 225 орынға шақталған 7 шағын орталық ашылып, тағы 50 баланы орналастырған 2 мектеп кеңейтілді. Ал 3 жеке меншік балабақшаға 150 бүлдіршін мемлекеттік тапсырыс бойынша орналастырылды. Мемлекет және жеке меншік әріптестігі  бағдарламасы аясында жекеменшік «Аспан» шағын орталығы ашылды. Жалпы «Балапан» бағдарламасына 171млн 846 мың теңге бөлінген болатын. Соның арқасында қазір Петропавлдағы 22 балабақша сәби күлкісіне толды.

 Аманжол Бекенов,  Петропавл қалалық білім бөлімі бастығының міндетін атқарушы:
– Бүгінге дейін 5 090 бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. №2, 4, 7, 9, 12,17, 23, 26, 43 орта мектептер мен қазақ мектеп-гимназиясында 650 орындық шағын орталықтар жұмыс істеп жатыр.

Қараша айының соңында Бензострой ауданындағы №26 мектепте шағын орталық ашу көзделген. 3 млн теңге жұмсалған кешеннің жоспардағы бір бөлігі тұрғызылып қойыпты. Жыл аяғына дейін қала балаларына тағы 800 орын ашу көзделген. Ол жоспар іске асса, мектепке дейінгі тәрбие беру ісі бойынша көрсеткіш 59,2%-ды құрап, облысымыз республикада 2-ші орынға шығады. Брифингте облыс әкімі тапсырған хаттамалық тапсырмалар жайы да сөз болды. Бұрынғы «Ивушка» бақшасының ғимаратында 125 орындық мекеме ашылмақшы. Қазір онда СҚМУ-дың 7 мұғалімі тұрып жатыр. Сонымен қатар «Айгүл» балабақшасын қалпына келтіру күн тәртібіндегі маңызды мәселенің бірі.

 Мәдина Балғашоқова, Петропавл қаласы әкімінің орынбасары:
– Біз әр балабақшаның жай-күйін бағдарлап, оларды қалпына келтіру жолдарын іздеп жатырмыз.
Азаматтарды қабылдау күндерінде 10 адам келсе, оның 7-еуі баласын бақшаға орналастыру мәселесін алға тартады. Кей кездері тіпті балаларын ертіп келіп, жағдайларын түсіндіруге тырысады.

№1 интернат пен түзету мектеп-интернатын біріктіруге қатысты туындаған шулы оқиғаның мән-жайы да брифингте сөз болды. Әзірге ол мәселеге нүкте қойылған жоқ. Тілшілер қауымы қабылданатын шешімді бірден хабарлаймыз деген басшылықтың уәдесін алды.

 Кәусар Аяпбергенқызы