Билік

Облыстық Ассамблеяның 15-ші сессиясы

 

 

 

Биыл Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 15 жыл толып отыр. Жақында Ассамблеяның мерейтойға орайластырылған 16-шы сессиясы өткен болатын. Үлкен жиында Мемлекет басшысы барша қазақстандықтардың алдында тұрған негізгі міндеттерді айқындап өтті. Ал бүгін Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 16-шы сессияның қорытындылары мен Елбасының тапсырмаларын жүзеге асыру жайын сөз етті.

 Серік Біләлов, СҚО әкімі:
-Таяуда өткен ҚХА 16-сессиясында Елбасы Нұрсұлтан Әбіішұлы Назарбаев  “Қазақстан тәуелсіздік жылдарында әлем мойындаған этносаралық және конфессияаралық татулықтың үлгісін қалыптастырды” деген болатын. Елбасының осы бағытта жүргізген саясатының арқасында Қазақстанда сенім мен өзара түсіністіктің үлгісі қалыптасты.
Қазіргі кезде елімізде халықтар арасында достық, өзара түсіністік, сыйластық қатынас орнаған. Алда атқаратын үлкен жұмыстар көп, оларды ойдағыдай орындауға барлық мүмкіндіктер бар. Ол ел Конституциясымен бекітілген, дұрыс бағытталған, ақыл-ойға салынған ұлттық саясат.
 

Ел тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтуге Ассамблея өкілдері де белсенді атсалысуы тиіс. Президенттің алғашқы тапсырмасы осындай. Этномәдени бірлестіктер өкілдері еліміздің жетістіктерін насихаттап, республиканың алдағы 10 жылдыққа діттеген мақсаттарын түсіндіруге атсалысуы тиіс. Осы орайда  жастарға баса назар аудару керек. Астанада өткен 16-сессияда мемлекеттік тілді дамыту жайы ерекше айтылды. Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасын солтүстік өңір тұрғындары бірден жүзеге асыруға көшкендей. Облыстық Қазақстан халқы ассамблеясының 15-сессиясында сөз алған Уәлиханов ауданындағы славян этномәдени орталығының өкілі Инна Қосымбаева да, “Кентрон” облыстық армян орталығы жастар клубының жетекшісі Гуар Мартиросян да баяндамаларын мемлекеттік тілде жасады.

 Инна Қосымбаева:
-Уәлиханов ауданында қазақ, орыс татар, украин, неміс халықтары тату өмір сүруде. Елбасы стратегиясындағы мақсаттардың жүзеге асуы, саяси тұрақтылық, ұлттық келісім, достық қарым-қатынастың орнауы – бірлескен жұмыстардың нәтижесі.
Гуар Мартиросян:
ірнеше жыл бойы мен спорттық акробатикамен айналысамын. Осы уақыттың ішінде 12 медаль, 2 кубок иелендім. Азия, Әлем біріншіліктерінің бірнеше дүркін чемпионы атандым. Осы биіктерден көрінуге  менің Отаным – Қазақстан Республикасы мүмкіндік берді.
 

Елімізде бұл бағытта оң өзгерістер байқалып келеді. Тәуелсіз жиырма жылдың ішінде қазақша шығатын мерзімді баспасөз басылымдарының  саны 7 есе артқан. Мемлекеттік тілдегі мектептердің саны екі еселеніп қалыпты. Осы күні мектепке дейінгі білім беру мекемелері қазақ тіліне көшуде. Қазіргі таңда өңірдегі 34 мың 719 оқушының 62 пайызы, яғни 21 мың 481-і мемлекеттік тілде тәлім алуда. Алайда Тимирязев, Аққайың, М.Жұмабаев, Мамлют, Қызылжар, Ғ.Мүсірепов аудандарында жергілікті ұлт өкілдерінің арасында орыс тілінде оқып жүргендері басым.  Елбасы көтерген үшінші мәселе – Қазақстан халқының этникалық және мәдени мұрасын сақтаудың жаңа әдістерін іздеу. Осы орайда «Ұрпақ» қазақ ағарту орталығы этноауыл жобасын ұсынып отыр. 107 млн теңгенің бастамасы жүзеге асар болса, шеттен келген меймандар қазақ халқының тұрмысымен, аң аулау, саятшылық құру, жылқы баптау кәсібімен таныса алады

 Сағындық Салмұрзин, «Ұрпақ» қазақ ағарту орталығының жетекшісі:
-Этнографиялық ауыл   Айыртау ауданында Имантау деген жерде болады. Мобильді 20 шақты киіз үй, шеберханалар болады. Шеттен келген азаматтарға салт-дәстірімізді, қонақжайлығымызды көрсету мақсатымыз бар.
 

Облыстық Ассамблеяның 15-ші сессиясына қатысушылар облыс тұрғындарына үндеу қабылдады.  Сондай-ақ, жиын барысында елімізде ұлтаралық бірлік пен конфессияаралық түсіністікті қалыптастыру бағытында үлес қосқан бірқатар азаматтар ел Президенті мен облыс әкімінің алғыс хаттарына ие болды. Сессия жұмысы түрлі ұлт өкілдері қатысқан концертке ұласты.

Гүлмира Шоқтыбаева