Мәдениет

Погодиндіктер сахнаға Шоқанды шығарды

 

 

 

 

“Шоқан Уәлиханов” қойылымы көп жылдардан кейін Петропавл сахнасынан қайта көрінді. Орыс драма театрының әртістері күрделі туындыны алуға жүрексінбей, аяулы перзентінің бейнесін көре алмай шөлдеп отырған халыққа ұсынуға бел буған. Қойылымның мазмұны 19 ғасырдың ортасындағы Ресей патшалығы мен қазақ жеріндегі оқиғалар төңірегінде өрбиді. Туған халқының мүшкіл халіне жаны ауырған  Шоқанның рөлін сомдауды Евгений Патешкин мойнына алған. Өнер иесіне артылған жүк ауыр. Халықтың сүйікті ұлының бейнесін шынайы ашып, ішкі тебіреністерін жеткізу оңай емес.

Евгений Патешкин, театр әртісі:
 -Бұл оңай болған жоқ. Шоқан Уәлиханов ірі тұлға, тарихи тұлға. Ғалым, этнограф, саяхатшы, әдебиетті зерттеген адам. Әрине, салыстыратын дүниелер әрқашан табылады. Шоқанның бейнесін беру қиын болғанын айту керек. Біз лайықты қойылым жасауға тырыстық. Қалай шыққанын көрермендер өздері бағалай жатар.

Ұлттық киім киген орыс драма театрының әртістері қазақтың сол кездегі өмірін, халқымыздың болмысын, жан-дүниесін көрсетуге тырысты. Бірақ қойылымның кемшін тұстары баршылық.Тұсаукесерге арнайы келген Уәлиханның ұрпағы Шота Уәлиханов актерлердің ойыны әлі де шыңдауды қажет етеді дейді.

  Шота Уәлиханов,  ҚР құрметті сәулетшісі, халықаралық Шыңғыс хан академиясының құрметті президенті, профессор:
-Мынау орыс театрының бұл туындыны қоюы қуанышты нәрсе. Жетпей жатқан жерлері бар. Мысалы, Шоқан үнемі бір ашудың үстінде, бір мезет ойланатын тұсы жоқ. Айғай-шу. Бірдеңе болса сырт айналып кетеді. Ол қалпына келе ме, келмей ме, залда отырып қорқып отырдық. Шоқан ақылдың адамы болған.

Шота Уәлихановтың айтуынша, Шоқанның әкесі Шыңғыстың образы да жетілдіруді қажет етеді. Хан ұрпағының бейнесі талапқа сай шықпаған сияқты.

  Шота Уәлиханов,  ҚР құрметті сәулетшісі, халықаралық Шыңғыс хан академиясының құрметті президенті, профессор:
– Ол ақылды адам болған. Баласын, жан-жарын тыңдаған. Оны жеңіл-желпі көрсетуге болмайды.

Бір жарым сағатқа жалғасқан спектакль аяқталғаннан кейін актерлерге облыс әкімінің атынан гүл себеті тапсырылды. Ал қойылымнан шыққан көрермендер түрліше баға беріп жатты.

Көрермендер: 
-Шоқанның келбетін толық берді деп айту… Жан-жақты беру үшін әлде де…пьесаның өзі бәрін ашып жатпайды ғой. Бірақ дәл қазіргі уақытта махаббатын, демократтық көзқарастарын көрсетуге тырысты.

 – Ол үшін Шоқанның рөлін қазақ ойнау керек. Ол үшін қазақ болу керек. Мынау орыстың жігіті дегенмен  рөлін ойнап шықты. Жақсы ойнап шықты.
-Бүгін өте тамаша қойылым болды. Әскери институттың курсанттары келдік. Бұл қойылым шабыт береді, үлкен күш -қуат береді. Үлкен патриоттық сезімді білдіреді.

Айымгүл Әбілева