Спорт

Исатай Мақарамов – самбодан ел чемпионы

 

 

 

Жарыс талабы бойынша тотамиге шыққан сайыскерлерге 5 минуттық тартыста аяқ-қолмен соққы жасап, сондай-ақ, күрестің шалып жығу, лақтыру, ал дзюдоның тұншықтыру немесе қарсыласты тырп еткізбей ұстап тұру сияқты амал-тәсілдерін қолдануға болады. Солтүстік Қазақстанның жалғыз өкілі Исатай Мақарамов осындай талаптағы толық контактіде әскери самбодан байрақты додада шеберлігін тұңғыш рет сынап көрді. 90 келі салмақта  жерлесіміз кәсіпқойлар арасында ел чемпионы атанды.

  Исатай Мақарамов, әскери самбодан ҚР чемпионы:
 -Менде қолмен ұру әлсіздеу. Жеңіске жету оңай болған жоқ. күреспен айналысқанымның арқасында осындай алтын медальға қолым жетті.
 
Тепсе темір үзетін жерлесіміз алғашқы кездесуін нокаутпен жеңсе, ақтық кездесуді де аяғына дейін жеткізбей, қарсыласын тізе бүктірді. 8 жасынан спорттық жолын қазақша күрестен бастаған Исатай осылайша жұлдыздай жанып, қоян-қолтық алыс пен самбо күресінен  спорт шебері атанды. Тәжірибелі бапкерлер Исатайдың дарыны мен еңбекқорлығы әлі талай жеңістерінің жемісін татуға септесетініне сенімді

  Есләмбек Бекмырзин, ұлттық спорт түрлері мектебінің директоры:
 – Исатай Мақарамов – облысымыздың түйе палуаны. «Қарасай» стадионындағы спорт шеберлері тобында жаттығады. Еңбекқор және өзінің өзеттілігімен танылып жүрген жігітіміз.  

Енді жан- жақты шебер жекпе-жекші Исатай үстіміздегі жылдың желтоқсан айында Мәскеуде әскери самбодан өтетін әлем біріншілігінде Ұлттық құраманың сапында ел намысын қорғамақ.

Жеңіс Ермұқанов