Құқық қорғау органдары

Ірі көлемде есірткі тасымалдаушылар ұсталды

 

 

 

 Ұсталғандар Жамбыл облысы Шу қаласында тұратын 43 жастағы ерлі-зайыптылар. Ер адам 2005 жылы 205 келі марихуананы Петропавлға тасымалдағаны үшін сотталған болатын, ал әйелін бұл іске кейін өзі тартса керек. Тәркіленген   есірткі қара базарда 8 миллион теңгеге бағаланатын көрінеді.

  Айдар Хабибулин, СҚО ІІД ЕБҚКБ бастығы:

-Бұл қылмыстық жұп есірткіні пияз толтырған жүк көлігімен жеткізген. Скотчпен оралған сегіз қаптағы марихуана жүктің ортасына жасырылыпты. Қылмыстық тауар ойдағыдай облысқа жеткен соң саудагерлердің өздері Петропавлға поезбен келген. Петропавлда олар жалға алған пәтерлерінде құрықталды.

Қазірде сезіктілер Петропавл қалалық ІІБ-ның уақытша ұстау абақтысына жабылды. Олардың үстінен ҚР ҚК 259- бабының 3- тармағына сәйкес «Алдын ала сөз байласқан адамдар тобымен ірі мөлшерде есiрткi заттарын тасымалдау, сақтау және өткізу» фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Ерлі-зайыптылардың өздерінің айтуларынша, олар тек есірткіні сатып алып, көлікке артуға ғана көмектескен. Ал Петропавлға көлік сатып алу үшін келіпті-міс.  Сезіктілердің айыбы заң жүзінде делелденген жағдайда олардың мүлкi тәркiленiп, жетiден он екi жылға дейiн бас бостандығынан айырылуы мүмкін. Жыл басынан солтүстікқазақстандық тәртіп сақшылары заңсыз айналымнан 424 келі әр түрлі есірткі заттарын тәркіледі.

 Кәусар Аяпбергенқызы