Әр түрлі

Бүкіләлемдік сапа күні

 

 

 

Қандай да болмасын ұсынылатын қызмет пен саудаланатын тауарға қойылатын басты талап – өнімнің сапасы. Әлемдік нарыққа шыққан  Қазақстан отандық өнімнің қауіпсіздігі мен бәсекеге қабілеттілігін арттырып, халықаралық талаптарға сәйкес болуын қолға алып отыр. Еліміздің 2 мыңнан астам кәсіпорыны  өндірісі дамыған елдер негізге алған сапа менеджменті жүйесіндегі халықаралық стандарттар бойынша істерін табысты дамытып келеді. Облысымыздың 94 іскер азаматы осы әлемдік заңнамаларды қолданып, кәсіптерін дөңгелетуде. Оның 34-і жаңа стандарттау жүйесіне биылдан еніп отыр. Тағы 25-і бұған әзірлік үстінде.


 Ләззат Кенжетаева, “Қазақстан стандарттау және сертификаттау институты” РМК СҚО бойынша өкілдігінің жетекшісі:
 -Дегенмен облысымыз заманауи сапа стандарттарын ендіруде республика бойынша соңғы қатарда келеді. Біздің қызметіміздің негізгі мақсаты – өңіріміздегі тауар өндірушілер мен қызмет көрсетушілердің мүмкіндіктерін арттыру үшін халықаралық стандарттар мен сәйкестікті бағалау әдістерін біріктіруге жағдай жасау.

 Алдағы уақытта экологиялық менеджмент пен ішкі аудиттің халықаралық талаптары енгізілетін болады. Жыл басынан техникалық реттеу және метрология Комитеті департаментінің қызметкерлері сапа бойынша 262 тексеріс өткізген екен. Оның барысында өңіріміздегі кәсіпорындардың 40 пайызының негізгі талаптарға жауап бермейтіндігі анықталды. Мұндай нысандарға салынған 3 млн теңгеге жуық айыппұлдің 2 млн теңгеден астамы өндіріп алынды.

  Бейбіт Әбілев, техникалық реттеу және метрология Комитеті департаментінің бөлім бастығы:
-Сапа менеджменті жүйесін кіргізген кәсіпорындарда кемшіліктер жоқ. Неге десеңіздер, олар сапа менеджментін өткізу үшін жұмыс, мамандар дайындалады. Сондықтан тауар шығарғанда, қызмет көрсетулерінде заңбұзушылық болмайды.  

Бұған жыл сайын өтетін “Алтын сапа” және Қазақстан Президентінің “Сапа саласындағы жетістігі ” премиясы үшін байқауы да дәлел. Бүгіндері облыста аталған байқауға дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Кәсіпорындар көрмеге ұсынатын өнімдерін әзірлеу үстінде. Өңірімізде шығаратын тауарының сапасымен мақтана алатын кәсіпорындар баршылық. Биыл облысымызда  үздік атанған 31 кәсіпорын республикалық кезеңге қатысуға мүмкіндік алды. Оларға іскерлік келіссөздер жүргізіп, жаңа тұтынушылар табуға жол ашылмақ. Сондықтан осындай ел деңгейінде көрінуге мүмкіндік беретін байқаудан сырт қалмау үшін халықаралық менеджмент стандарттарына көшкен абзал деседі бір ауыздан жиынға қатысқандар.

Жеңіс Ермұқанов